Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековты бүгінде танымайтын қазақ жоқ. Жазушының көркем туындылары өзге тілдерге аударылып жатыр, пьесалары Қазақстанның ғана емес, шетел сахнасында бірінен соң бірі қойылуда. Ал «Балуан Шолағына» фильм түсіріліп жатыр.
Жазушының бір күнін түсірмек боп хабарласқанымызда «Таңертең редакцияға кел, сол жерде сұхбаттасайық», — деді. Таңғы 10-дарға қарай Баспалар үйінде орналасқан «Мәдениет» журналының редакциясына келдік. Жазушы жұмысына кірісіп кеткен екен.
– Дулат аға, сіздің бір күніңіз, жалпы, қалай өтеді? Таңыңыз неден басталады?
– Шыны керек, қазір жазушылықпен айналысудан гөрі қоғамдық жұмыстармен айналысу көбейіп кетті. Өйткені қоғамның тірлігінің өзі солай. Сырттай қарағанда – тұрақты, ішінен қарасаң – аласапыран. Қазір не көп, жиналыс көп. Біреу мерейтойын атап, енді біреу кітабының тұсаукесерін жасап жатыр. Бір замандасымыздың немересі үйленуде. Қазір жұрт кітап шығарса болды, тұсаукесер өткізеді. Шақырады, көбісіне бара алмайсың. Бара алмасаң «Менің бір кітабым еді ғой» деп ренжиді. Ондайлар күнде өтіп жатыр. Қайсыбіріне барасың?! Содан кейін кітаптарын әкеліп береді де, бір аптадан кейін “Оқып шықтыңыз ба?” деп сұрайды. «Айналайын-ау, сенің кітабыңды ғана күтіп отырған жоқпын ғой” деп ренжуіңе тура келеді. Журнал шығарасың, өзіңнің жазуың бар. Әрі әлі күнге дейін кітап оқудан бас алған жоқпыз. Оқыған сайын аз оқығаныңды білесің. Өткен жолы Бексұлтан Нұржекеев, Смағұл Елубаев үшеумізді Президент қабылдағанынан хабардарсың ғой. Бұл да бір үлкен қозғаушы генераторға айналып кетті. Барлық жер кездесуге шақырады. Телевидение, оқу орындары, облыстар. Түркістанға барып қайттық, Шымкентте болдық. Енді Шығыс Қазақстан облысы шақырып жатыр. Оның бәріне қалай бара бересің? Біздің жол жүруіміз де оңай емес. “Әңгіме түзіп қайтсаңыздар болды” дейді. Ол бара салатын Талғар емес қой. Өзіміздің қыруар шаруамыз тұрғанда, қазір осындай аласапыран болып тұр. Жақында төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағым шығып, Мәскеуде болып қайттым. Қазақтың талай жазушылары білім алған М.Горький атындағы әдебиет институтында тамаша кездесу өтті. Ондай кездесу Қазақстанда болып көрмеген шығар. Орыстың небір жазушылары мен журналистері келді. Кешті кітабым басылып шыққан әлемге әйгілі баспа “Художественная литератураның” директоры Г.В.Пряхиннің өзі жүргізіп отырды. Кездесуде талай әңгіме айтылды. Бұл туралы орыс, қазақ газеттері жарыса жазды. Әсіресе, орыс газеттерінің жазғаны көңілімнен шықты. Қазақтар секілді жалпы мақтай бермейді. Біздер мақтасақ, аспанға көтеріп, Құдайға жеткізіп қоямыз. Жамандасақ, таптап, топыраққа аунатып тастаймыз ғой. Бізде орта жоқ. Мәселен, «ұлы жазушы» деген пікірге де қарсымын. Қазақта Абай мен Әуезовтен басқа ұлы жоқ. Қалғанының барлығы «аса көрнекті ақындар», «көрнекті жазушылар», «белгілі қаламгерлер» болып кете береді. Мені де бір жерге «ұлы жазушы» деп жазып қойыпты. Оған қарсымын. Кеше газеттердің бірінен өзім бағалайтын бір ақынды «Абайдың мұрагері» депті. Сөзді осылай оңды-солды
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21