білектің күшімен» деген тіркестер. Сосын бәрінің бір арзан махаббаты болады. Бәрі – жаттанды. Жаз! Бірақ Толстойдың «Қажымұратына» жеткізіп жазбасаң, тақырыпты бүлдірме. Оны бізден кейінгі басқа адам келіп жазады. Ал біздікілер тақырыптың бәрін бүлдіріп болды. Жылт еткен оқиғалардың бәрін жазып-жазып, енді ол туралы келесі ұрпақ жазамын дегенше… Шоқан туралы жазу керек пе қазір, жазу керек! Кезегі енді келді. Баяғының бәрі – өтірік, жалған. Ол шындыққа қарай білетіндей білім керек. Неге Әуезовтің шығармалары, әсіресе әңгімелері мықты? Өйткені ол – өте білімді адам. Ленинградта Фадеевтермен бірге оқыды, сол мектепте тәрбиеленді. Ал Мұқановтардың шығармалары бізді көп тарта бермейді. Әуезовтің «Көксерегі» қандай?! Немесе «Қорғансыздың күні», «Сыбанның моласы», «Жетім», «Қаралы сұлу», осылардың бәрі – әлемдік деңгейдегі әдебиет. Мұхаңның өзі де әлемдік әдебиетті толық меңгерген. «Абай жолын» жазу үшін әке мен бала туралы романдарды түгел оқып шыққан. Жазуға дайындықпен отырған. Ал егер дайындықсыз бас салып жаза беретін болса, жай «трафаретный проза» болып шығатын еді. Біздің жазушылардың көбі – білімсіз, оқымайды. Тіпті «жазушыға оқудың қажеті жоқ» деген ұран тастайды. Қазір шәкірттеріме: «Жазушы – ең көп оқушы. Іздену, суреттеу секілді басқа қиындығын былай қойғанда жазушының лексиконында білмеймін деген сөз болмау керек. Жазушысың ба, архитектураны, әлемдік музыканы, дінді, классиканы, тарихты, әлем әдебиетін жақсы білуің керек. «Әлемде қандай оқиғалар болып жатыр?», «Қандай ағымдар бар?», «Физикада не жаңалық?», «Математиканың дамуы қалай?, «Шахмат қалай?» осының барлығынан хабардар болуың керек. «Білмеймін» дегенді айтпа. Жарайды, әншілерді білсеңдер пайдалы шығар. Бірақ олар сендердің миларыңнан көп орын алып қояды. Миларыңды сақтаңдар. Жақсы ой, жақсы идеяларға орын қалмай қалады. Миларыңның клеткаларын аяңдар», – деймін. Қазір адамдар бұрқыратып 14 том, 20 том жаза береді. Жақында бір ақынның 20 томдығы шығыпты. Оны естіп: «Абай не істеп кеткен өзі? Өмір бақи бір-ақ том жазыпты ғой. Мыналар сияқты 20 том жазбай ма? Егер ол тіріліп келетін болса, «ойпырмау, мен түк өндірмеппін ғой» дейтін шығар», – дедім. Ал біз сол Абайдың бір томын әлі оқып жүрміз. Оқыған сайын Абай әр қырынан басқа болып шығады. Бүгін оқысаң, басқа Абай. Он күннен кейін оқысаң, басқа Абай. Өйткені, оның тереңдігі бар. Қазір 14-20 том шықса деген графомания көп. Ғабеңнің, Мүсіреповтің 4-ақ томы бар, Әуезовтікі де 50 том дейді ғой, бірақ оның ішінде мақала, сұхбат, аудармалар, ол туралы жазылғандар да бар. Шын мәніне келгенде, өзі 7-8 том. Булгаковтікі де 3-ақ том. Чеховтікі 8 том.
– Ал сіздікі қанша том?
– Өзімдікін өйтіп-бүйтіп жүріп 7 том қылдым ғой. Оның ішінде аудармалар да бар. Таза өзімдікі 5 том. Оқырман менің осы бес томымды оқып шықса, сол
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21