қазақтар едік қой. Неге бұлай болып кетті? Осыны көркем әдебиетке өзекті оқиға қылайын десең, арың бармайды және ол типтік оқиға емес қой.
– Қазақты әлемдік деңгейге қандай әдебиет алып шығады? Оның нақты формасы қандай болуы керек?
– Кеше Мәскеуде Қазақстандағы әдебиет туралы біраз сұрақтарға жауап бердім. Олардың «Қазақстанда постмодернизм бар ма?» деген сұрағына «жоқ» дедім. Бар болса, бір-екі шығарма жазылған шығар. Бірақ оларда ешқандай идея да, алғышарт та, белгілі бір мақсат-мұрат та жоқ. Оқиғаны баяндай береді. Бірде сүйісіп, бірде бала сүйіп, келесі жолы ажырасып жатыр. Не үшін жазды? Кім үшін жазды? Осының бәрін негізгі идеяға бағындыруың керек қой. Біздегі «постмодернизм» – шетелдің әдебиетіне сырттай ғана еліктеу. Кеңес үкіметі кезінде Қазақстанда формализм мен абстрактизмге қарсы қатты күрес жүрді. Кейіннен айтыс біткен соң қарасақ, бізде формализм де, абстрактизм де жоқ екен. Біз кәдімгі жел диірменмен айқасқан Дон Кихот сияқты болып қалыппыз. Студенттерге драматургиядан сабақ беремін ғой. Оларға «Сендердің түсініктеріңдегі махаббат басқа, жаргондарың басқа, тілдерің басқа. Мен түсінбейтін шығармалар жазып әкеліңдерші. Сендер кейде біз сияқты жазып, кейде Спандияр Көбеевтің стиліне түсіп кетесіңдер», – деймін. Бәрібір ештеңе жоқ. Бізде көпсөзділік басым. Осыдан кейін романдарымыз шетелде көп басылмайды. Басылса да әдеби оқиғаға айналмайды. Ал өзім көпсөзділікке ұрынбауға тырысамын. Өткенде Мәскеуде «Өкпек жолаушы» повесімді оқыған бір оқырман: «Сізден басқа адам мына оқиғадан үлкен, 300-400 беттік роман жасар еді. Сіз әбден сылып тастапсыз», – деді. «Драматург, бұл – өте қатыгез хирург, ол шығармасындағы артық еттердің бәрін аяусыз кесіп тастайды» деген сөз бар ғой. Бізге осы жетпейді. Әр сөзіміз алтын болып көрінеді. Ол – қате түсінік, жалған иллюзия. Өзіңе-өзің сын көзбен қарауың керек. Өз шығармаңа ең үлкен сыншы – өзің. Басқалар жалған мақтай салуы мүмкін. Баяғыда бір адам «Жұлдыз» журналында «Қарғын» романын “Жасын деген әйелінен ажырасқан жас жазушы Бағиланың етегінен ұстап кетеді” деп мақтапты. Оған “Одан да сойып салмайсың ба?!” деп қатты ренжігенмін. Бұл мақтау емес, қорлау ғой. Бағила – менің түсінігімде періште қыз. “Етегінен ұстап кеткен” анау Жасынға қандай обал! Етегінен ұстайтындай ол ауылда арақ ішіп жүрген адам ба еді? Олардікі махаббат болатын. Оның Бағилаға үйленгісі келмеуі де мүмкін, үйленбеуі де мүмкін. Өзінің: “Егер осы қызға күндердің бір күнінде үйленсем, бір жыл өтеді, екі жыл өтеді. Содан кейін «ары жатшы» деп айтатын дәрежеге жетермін. Жоқ, адам бойында өмірбақи аялап өтетін бір сезім болу керек, сүйіп өтетін бір адам болу керек”, — дейтіні бар. Ал жаңағы адам сондай нәзік, асыл сезімді алып келіп, Бағиланы жүргіш әйел ғып қойыпты. Сондықтан үнемін “Жазушы үшін ең ұлы
Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13 14 15 16 17 18 19 20 21