Дулат Исабеков: «Ендігі романымның кейіпкері – Америка түрмесіндегі қазақ қызы»

Жазушы Дулат Исабековке телефон шалып, сұхбат алатынымды айтып едім, «үйге кел», – деді. Алатаудың етегінде тұрады екен, адасып жүріп, әрең таптық. Үйінің көшесіне жете бергенде, анадайдан апамыз «Әй, балам, Дулат атаңның үйі мұнда», – деп айқай салды. «Кейде өз үйімнен өзім адасамын», – деп күліп қарсы алған жазушы бірден кітапхана­сына қарай бастады.

 

Біз әдеби кеңістікті романмен ғана өлшейтін сияқтымыз

– Бала кезіңізде сізді «өліп қалды деп көміп тастай жаздағанын» естігенім бар еді. Рас па? Екеуара әңгімемізді осы сұрақтан бастағым келіп тұр…

– Иә, ол рас. «Кішкентай кезімде қатты науқастансам керек, анам мені өлді деп киізге орап дәлізге шығарып тастаған екен. Ертесі бірнеше жігіт күрек-кетпенін алып, маған қабір қазуға кеткен ғой. Бір уақытта апам көрші кемпірге: «Ана баланы жолға шығарыңдар» , – депті. Сонда ол кісі менің бетімді ашып қараса, «өліп қалған» мен көрші кемпірдің бетіне қарап күліппін. Қатты қорыққан әлгі кісі мені жерге тастай салып, «Ойбай, Күміскүл-ау, балаң тірі ғой», – деген соң, апам қатты жылапты. Ал маған қабір қазып жатқандарға біреуі барып, «бала тіріліп кетті», – дегенде олар не істерін білмей дал болыпты. Бұл оқиғаны маған ешкім айтпаған еді. 6 жасымда бірінші класқа барғанымда, сабақтан 5 алыппын. Апам қуанып, жұртқа шай берген еді. Сол кезде әлгі көрші апамыз маған қарап «сенің бес алуың менің арқамда, егер сенің бетіңді ашып қарамағанымда, мыналар сені көміп тастайтын еді» дегенде барып, бұл оқиға туралы алғаш естіп, жәй-жапсарын түсіндім. Тағы бірде менімен бірге оқыған ағам екеуміз кітапқа ма, бірдеңеге таласып қалып, жұлқыластық, мен оны «қалқанқұлақ» деп мазақтадым, «Тіліңді тарт», – дейді, тартпаймын. Сонда «сол кезде сені көміп тастау керек еді», – деп айтқан еді қатты ашуланып. Әне сол сәтте «өліп-тірілгенім» туралы екінші рет естідім. Міне, бала кезінде «өліп-тірілген» мен бақыттымын, тірі қалып, жазушы болып, бірнеше кітап жаздым. Шығармаларымның арысы Ұлыбританияда да кітап болып шығып, лордтар палатасында өз өмірім мен шығармашылығым туралы, Батыс пен Шығыстың айырмашылығы туралы, біздің әдебиетіміз жөнінде пікірімді білдіріп, сөз сөйледім. Қарасаң, өмірдің қызығы көп-ақ екен.

– Оқырмандар сізді «Қарғын» романынан кейін мандытып ештеңе жазбады деп жүр. Оған не дейсіз?

– Егер драматургияны әдеби жанр деп есептемесек, онда оқырманның бұл сөзі рас. Ал оны әдеби жанр ретінде қарастырса, мен «Қарғыннан» кейін 17 пьеса жаздым. Аз ба? 17 пьесам жарты әлемнің сахналарында қойылып жатыр. Лондонда қазақ пьесасы тұңғыш рет сахналанды, ол – менің «Өкпек жолаушым». Кейін «Аққу-Жібек» те сол жақтың көрермендеріне көрсетілді. «Актриса» пьесам Болгарияда және басқа елдерде

Pages: 1 2 3 4 5 6 7