жуық арада жарыққа шықты. Бұған дейін ағылшын тілінде «Гауһар тас», «Біз соғысты көрген жоқпыз», «Өкпек жолаушы», «Аққу әні» деген кітаптарым жеке-жеке кітап боп шығып, «Аққу әні» деген таңдамалы пьесалар жинағымның Ұлыбританияның Лордтар палатасында тұсауы кесілді. Екі лорд сөз сөйлеп, ағылшын парламентінің депутаты, баронесса Алисон Сати баяндама жасады. «Алапат аптап, ызғарлы жел, оянған дала» деген атпен бес повесть, үш әңгімем швед тілінде басылып шықты. Аударған – швед академиясының мүшесі, Нобель сыйлығының лауреаты Бент Самуэлсон. Ол енді «Қарғын» романын аудармақ. Биылғы жылдың 13-17 қазан айында Алматыда «Исабеков әлемі» атты II халықаралық театр фестивалі өтті. Оған Қазақстаннан басқа Түркия, Грузия, Австралия театрлары қатысты. Әлемнің он елінде пьесаларым қойылып жатыр. Соның ішінде «Бөрте» драмасы дүниежүзін аралап кетті. Өзің айтқандай, шығармаларым әлжуаз болса, шетел театрлары қоймас еді, шетел баспалары үлкен-үлкен алғы сөзбен басып шығармас еді. Мен Мәскеуден 2016 жылы шыққан төрт томдық таңдамалы шығармалар жинағым жайлы, ол жөнінде шыққан мақала туралы айтпасам да болады. Мұның бәрін жазуыма менің шығармаларыма деген қасақана кемсіту сарынында жазылған пікірлерің түрткі болды. «Мені жаңа шығармалар жазған жоқ» деп те кінәлапсың. Алыста жатып, еліміздегі әдеби процестен бейхабар екенсің. «Қоштасу вальсі», «Ержеткенше», «Алаңсыз ауыл», «Жүз жылдық арман», «Мәңгілік қағида» атты повестер мен әңгімелер, бірнеше пьесалар жазылды. «Ержеткенше» повесім француз тілінде жарық көріп үлгерді. Мен өзің айтқан Р.Нұрғалиевпен талай кездесіп, ағалы-інідей сырлас боп жүрдік. «Біз болмасақ мемлекеттік сыйлық ала алмас едің» деп айтпақ түгілі, ол туралы сөз де қозғамайтын. Ол нағыз ғалым еді ғой, ұсақ-түйекті сөз қылмайтын. Жазушылар Одағының басшысын сайлау алдында Назарбаев бес-алты жазушыны жинап, «Одақтың келесі басшылығына кімді ұсынасыңдар?» деп сұрағанда Рекең менің атымды атап еді. 2006 жылы Санкт-Петербургтегі Малышицкий театры менің «Тор» («Сети дьявола») атты пьесамды қойғалы жатқанын Астанадағы бір жиын кезінде айтып қалып едім, бір ақын: «Қай театр екен?» деп сұрай қалып еді, Рекең: «Қай театр екенінде шаруаларың болмасын, қазақ пьесасын Ресейдің завод-фабрикаларындағы көркемөнерпаздар театры қойып жатса да қуануымыз керек. Қазақ пьесаларын Қазақстандағы орыс театрлары қоймай жатқанда, Петербург театры сахналап жатса үлкен қуаныш емес пе?» деп шын жүректен құттықтап еді. Рекең жан-дүниесі таза, түсінігі терең азамат еді. Санкт-Петербург театры төрт-бес жылдың ішінде менің үш пьесамды сахналады. «Тор» (Малышицкий театр), «Өкпек жолаушы» («Транзитный пассажир») «Эксперимент» театрында, режиссері – В.Хоритонов, «Құстар фестивалі» С-Петербургтің мемлекеттік комедия театрында қойылды. Соңғы екі театрдың екеуі де Алматыға келіп, спектакльдерін көрсетіп кетті. «Академ кітап» баспасынан менің өмірім мен шығармашылығым жайлы «Өнегелі өмір» атты 450 беттік кітап жарық көрді, жоғарғы оқу орындарының филология факультеттері мен Өнер академиясының студенттері үшін «Театр мен кино әлемі» атты оқулық жазып бітірдім.
«Оралханды да, Құдайымды да ұмытқан жоқпын» – Дулат Исабеков Мұхтар Мағауинге жауап берді
Posted by admin on Окт 10th, 2023 in Рассказы