сияқты. Астарлап сөйлеп, білдірмей сөйлеу. Проблеманы екшей білу, ұлттық драматургия бола тұрып, ол бәріне ортақ болуы керек. Ол енді драматургтың құпиясы. Оған ешімді оқытып, тәрбиелей алмайсың. Оны сезіне білу, түйсіне білу керек. Мен столда жазып отырғанда ағылшын үшін жазбаймын ғой немесе неміс үшін, француз, орыс үшін жазбаймын. Өзімнің, менің жүрегімді тербеген проблемамды айтқым келеді. Соны айту үстінде ұлттық шеңберде қалып қалмай, тек өзіңе ғана тән түсінікті алмай, ортақ нәрсені алу. Ұрыс-керіс, достық, татуласу осылардың бәрі ортақ. Біздің әрі ерекшелігіміз, әрі қиындығымыз біздің ұлтта азиялық ұғым, шығыстық түсінік басым. Сол шығыстық ұғымды ала отырып, әлемдік тенденцияны ұмытпау. Жалпы, Бректің сөзімен айтқанда: «Әрбір ұлттың шығармасы алдымен ұлтжанды болуы керек» дейді, егер қаламгердің шығармасы ұлтжанды болса онда ол міндетті түрде интернационалды болады. Мысалы, «Әпке». «Әпке» керемет жүріп жатыр, бірақ соны Мәскеу баяғыда қоямыз деп қоя алмай қалды. Онда образдың жетіспегенінен емес, орыстарда, батыста еркек еркекке, әйел әйелге үйленіп жатқан адамдардың арасында інілері мен сіңлілері үшін өзін құрбандыққа шалу олардың ұғымында жоқ. Гончарук театры дайындық жасап жатқан кезде тоқтап қалды. Ол енді менің сорыма орай. Ол ерте кез еді. 1980 жылдар. Олардың бір ғана түсінбегені неге үлкен әпке құрбандыққа барады, неге өзінің бақытын аяққа тебеді деген түсінік. Бұл олардың танымына келмейді, мен айттым қазақта шешесі өлгеннен кейін үлкен әпке олардың шешесі болады деп. Кейін оны өзгертетін болды, бірақ өзгерген соң бұл «Әпке» болмайды, орыстың қызы сияқтанып қалыпты деп рұқсат бермедім. Драматургияның, жалпы әдебиеттің қиындығы осында. Мәселені айта білу керек, ортақ тәсілдерін таба білу керек.
– Сіз ақсақал жазушысыз, көптеген жас сізге еліктейді. Шәкірттеріңіз де көп. Жазушы боламын деген адамға, жас жазушыларға тілді үйрену мүмкін бе?– Болады, болғанда қандай… Мейіржан деген 9 сыныпта оқитын баланың әңгімелерін оқығанмын. Ол ертегі жазады, шығармаларын оқып, мен сенбедім. «Сен мынандай сөзді, мынандай тілді қайдан үйренгенсің?» дедім. «Шуда, ауылда өстім» деді. Демек, құдай әу баста оған зерек сана берген. Оның ертегілері өте қызық оқысаңыздар, ал тілі тамылжып тұр. Тағы да бір жас жігіт кітабын беріп еді, оны да оқып шықтым, тіліне риза болдым. Кейінгі кездерде тілге мән беретін жігіттер жоқ шығар, өйткені, қазір көп жас мың жерден шешенсіп жазғанымен, оқырман қабылдамайды, орыс тіліне аударғанда бәрі түсіп қалады дейді-дағы, өздерінің қысқа, жай, жалаң сөйлемдерімен жазатын жігіттер көбейіп кетті. Ал, мына жастарды оқып отырып қатты риза болдым. Демек әлі бар екен, ел бар екен, қазақтың тілі әлі мұқала қоймаған екен, мына жастар сол тілді үйреніп шықса жаман болмайды ғой деймін. Осындай 5-6 жігітті білем. Әдебиеттің негізгі құралы тіл,