оқиғалардан діни астар іздеу, шынында да, қате көзқарас. Исламда адам өміріне қиянат жасау былай тұрсын, біреуді қорқытуға болмайды.
Қазір имамдарға Исламды ізгі амалымызбен көрсету жайлы жиі айтып жатырмыз. Қазір сөздің емес, амалдың заманы. Құран үкімі мен пайғамбар сөзіне амал еткен пенде өзгелерге де Исламның асыл құндылықтарын насихаттай алады. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мейірімін сезінген, адам баласына қылдай қиянат жасамайтынын түсінген, тіпті талай дін дұшпандары Исламды қабылдаған.
Дулат Исабеков: Мүфти-хазрет, имам деп қалдыңыз ғой, сізге бұрыннан бері айта алмай жүрген бір жағдай бар еді. Ел ішінде көп жүреміз ғой, құдайы астарға қатысамыз, мәйітті ақтық сапарға шығарып салу рәсімдерінде, яғни, жаназа намаздарында боламыз. Сол кезде молдалар уағызды ұзаққа созып жібереді. Осы қаншалықты орынды болар екен?
Бас мүфти: Иә, әр жерде уағыз айтудың өзіндік тәртібі, әдебі, ыңғайлы уақыты болады. Тыңдаушылардың жағдайын да ескеру керек. Жақында бұл мәселеге қатысты тапсырма бердім. Өлім-жітімдерде, құдайы астарда уағызды 5-7 минуттан асырмау қажеттігі айтылды. Халық арасындағы осындай жағдайларды байқап, бізге жеткізгеніңізге қуанамыз. Бұл діни ахуалды түзеуге көмектеседі. Баяғыда өмірден өткен ізгілер, иманды басшылар айтқан екен: «Менің кемшілігімді байқап, оны өзіме айтқан адам – маған ең жақын адам, ол менің жанашырым», – деп.
Сіздей жанашыр жазушыларымыз бар кезде дініміздің де, тіліміздің де тұғыры биік бола береді деп сенемін.
Дулат Исабеков: Сізбен кездесуімді пайдаланып, тағы бір сұрақ қойсам. Мені мазалап жүрген мәселе: бізде өлім-жітім жөнелту салты әр жерде әртүрлі. Осыны бір ізге келтіруге болмас па екен?
Бас мүфти: Оныңыз рас, Дулат аға. Жаназаға қатысты рәсімдер әр жерде әртүрлі атқарылады. Бір облыста қалыптасқан салттар өзге өңірлерде мүлдем басқаша сипат алғанын аңғардық. Діни басқарманың Ғұламалар кеңесінде осы мәселе кеңінен талқыланды. «Жаназа пәтуасы» кітабын дайындап қойдық. Жуырда шығып қалады. Бұл мәселені шешудің бірнеше тетіктері бар. Біріншіден, уақыт керек. Бір облыста қалыптасып қалған салттарды шариғатқа сәйкестендіру үшін түсіндіру жұмыстарын жасап жатырмыз. Кейбір ақсақалдар молдаларды мойындамай: «Әй, бала! Қоя тұр мұны біз шешеміз. Біздікі дұрыс», – деп дүрсе қоя береді. 70 жасты алқымдап қалған ақсақалдармен талас тудырмай, әдеп сақтаймыз, әрине. Басқа жол жоқ. Үлкеннің айтқаны кішілер үшін «заң» ғой. Семейде өкіл имам болып жүргенімде мұндай мәселеге жиі кезіктім. Сондықтан бұл жағдайдан жақсы хабарым бар. Екіншіден, «Жаназа пәтуасы» кітабын халыққа таратып, соның төңірегінде насихат жұмыстарын көбірек жүргізуіміз қажет. Бұл мәселе осындай жолдармен кезең-кезеңімен шешіледі деген үміттемін.
Дулат Исабеков: Рахмет. Бүгін сізбен жақсы әңгіме құрдық деп есептеймін.
Бас мүфти: Үлкен басыңызды кішірейтіп келгеніңіз үшін Алла разы болсын. Діни басқарма есігі сіздей дініміз бен діліміздің жанашыр