Дулат Исабеков Елбасыға не айтты?

Редакциядан: “Әдебеиет” порталына сұхбат брген белгілі жазушы Дулат Исабеков Президентпен кездесуінде көптеген мәселелерді қозғағанын, бірақ оның көпшілікке жете бермейтінін айтты. 

Газет-журналдардан «Исабеков Президенттің алдында түк айтпады ғой» деген пікірді мен де оқыдым. Бұған жауап та бердім. Айтуын айттық қой, оның бәрі көрсетілмеді… Екі жарым сағатқа созылған әңгімеде не айтылмады дейсің, бәрі айтылды. Мақтанғаным емес, өткір пікірді мен ғана айттым. 

Бексұлтан Нұржекеев өз ауылындағы Орбұлақты, Қастеевті, Жаркенттегі көшелердің аттарын өзгерту сияқты жергілікті мәселелерді ғана көтерді. Смағұл Яссауи, сопылық туралы әңгіме қозғады. Ал мен болсам: «Бұрын өзіңізге айтқан мәселені қайталап айтамын. Елімізге қытай көп келіп жатыр. Бізге Ресейден гөрі Қытай қауіпті. Халқының саны 145 миллионды құрайтын Ресеймен араласып жүргенімізге 300-400 жыл болды. Ал халқы 1,5 млрд Қытай – соғыссыз, күлкімен ғана басып алатын мемлекет. Қазақ өз жерінде отырып мұнайымызға келген қытайдың құлына айналып бара жатыр. Оларға кеңдікті көптеп беріп қойғанбыз. Екіншіден, демография – ушығып тұрған мәселе. Өзбектер 32 млн. болды. Өзбектей болмасақ та, 20 млн-ға жетсек, қазақ тілінің мәселесі өзінен-өзі шешіліп кетер еді. Өзбектер біздің тіл мәселесін көтере беретінімізге таңғалады», – дедім.

Содан кейін, латын тілі туралы көбірек айтылды. Өту керек пе, жоқ па? «Сіздің идеяңызды қостайық, бірақ оның арғы жағында не тұр? 100 жыл ішінде орыс алфавитімен талай тарихымыз жазылып қалды. Оның бәрін кім көшіріп береді? Бұл да қиын мәселе. Содан соң, ауылға деп жыл сайын бірнеше млрд ақша бөлінеді. Менің ауылым сол күйінше, Нұреке. Жылына екі-үш рет барамын, ешқандай өзгеріс жоқ. Қырғызда ешнәрсе жоқ дейміз, бірақ тіршілігіміз бірдей. Неге бензин Қырғызстанда Қазақстанға қарағанда арзан? Олар астық өндірмейді, бірақ наны біздікінен арзан. Бішкегінде де бір баға, Қарабалта деген шалғай өңірінде де бір баға. Нарық, жеке меншік дейміз, арасы 150 метрлік екі заправкада екі түрлі баға. Мұның бәрі қандай жүгенсіздік? Сіз базарды аралағанда бәрін арзан етіп қояды, сіз кеткен соң баяғы қымбат бағаға өзгертеді. Сізге жалған ақпарат беретін штаттағылардан өзге тұрақты қоғамдық комиссия құру керек. Орташа жалақы дегенді қайдан шығарып алдық? Егер орташа жалақыға сенер болсақ, әр адамның жалақысы 250-300 мың болар еді. Менің айлығым – 110 мың. Келінім – ғылым кандидаты, 90 мың алады. Ал ортақ жалақыны банкирлер мен депутаттардың, Самұрық қазынада істейтіндердің айлығынан шығарады. Бұл нағыз өтіріктің өзі ғой! Неге өз елімізде емделмей шетелде емделеміз? Қазақстан үлгілі мемлекет дейміз, осы жағынан неге үлгі алмаймыз? Неге жеңіл өнеркәсіпті дамытпаймыз? Неге өндіріс орындарының бәрі шетелдіктердің қолында? Бұрын Кеңес үкіметі кезінде шетелден көшіп келген қазақтар мал бағатын. Қазір ондай мал жоқ.

Pages: 1 2 3