Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қолдауымен Лондонда көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің театр фестивалі өтті. Фестиваль аясында М.Әуезов атындағы академиялық драма театры «Жаужүректі», Мемлекеттік корей музыкалық комедия театры «Актриса» спектаклін қойды. Ағылшын театры драматургтің «Аққу Жібегін» сахнаға шығарды. Ұлыбритания елінен олжалы оралған драматургпен тілдескен едік.
– Британ жұрты Исабеков үшін таңсық емес. Бұған дейін «Гауһартасты», «Біз соғысты көрген жоқпыз» повесін ағылшын тіліне аударған және «Өкпек жолаушыны» сахналаған ел «Жаужүректі» қалай қабылдады? – Лондондықтар өте жоғары деңгейде қарсы алды. Хитроу әуежайынан түскен соң, қонақүйге жайғастық. Ертесіне бізді Қазақстан елшілігі қабылдады. Ерлан Ыдырысовпен кездестік. Кешкісін спектакльді елшімен бірге тамашаладық. Алғашқы күні М.Әуезов атындағы академиялық драма театры «Жаужүректі» қойды. Фестиваль шымылдығын Ерлан Ыдырысов сөз сөйлеп, ашты. Ағылшын тілінде еркін, әдемі сөйледі. Ұзақ жылдар бойы Сыртқы істер министрлігінде қызмет еткен, елшілікте жүрген азамат қой. Әбден төселіп қалыпты. Қазақы қалжыңмен жеткізгеніне риза болдым. Біздің академиялық театрдың сахнасымен ағылшын театрының сахнасын салыстыра алмаймыз. Біздің театр апарған декорация ол сахнаға сыймай қалды. Ағылшын театрларының көпшілігі мюзиклге арналған, шағын сахнадан тұрады. 500 адамдық орын бар. Олар да декорацияны актерлердің өзі асқан шеберлікпен, жылдам ауыстырып отырады. Оны қай уақытта, қашан алып кеткенін түсінбей қаласың. «Жаужүректі» Есмұхан Обаев өз қиялымен, кәсібилігімен алып шықты. Балконды да қажетке жаратты. Спектакль өте жоғары деңгейде өтті. Актерлер Лондон сахнасында жанын салып ойнады. «Жаужүрек» спектакліне байланысты жылы пікірді көп естідік. Ағылшынша аудармасы аздап төмендеу болды деп естідім. Театр мамандары жақсы түсінеді ғой. Соған қарамастан, қазақ актерлерінің сұлулығы, қыздарымыздың әншілігі, Ерлан Біләлдің ән салған кездегі дауысы көптің көңілінен шықты деп ойлаймын. Ағылшынша түсінбесем де, аудармашылардың айтуына қарағанда, Лондон жұртшылығы қазақ театрының қойған спектаклін жылы қабылдаған секілді. – Лордтар палатасында қай күні сөз сөйледіңіз? – Екінші күні Лордтар палатасында қабылдау болды. –Ол жерде бұған дейін түркі жұртынан Шыңғыс Айтматов пен Орхан Памук қана сөз сөйлеген екен. Қазақ жазушысының сөзін лордтар қалай қабылдады? – Айтматов пен Памуктан кейінгі үшінші адам болып тұрмын. Палатада сөз сөйлеудің өзі қызық. Күні бұрын белгіленіп қойған сценарийден ешкім ауытқымауы тиіс. «Қыздарымыздың бірі ән салсыншы» деп өтініш айтып едім. Оны қабылдамай қойды. Лорд он минут сөйледі. Маған: «Сіздің сөзіңіз лордтың сөзінген ұзақ болмасын» деген талап қойды. 12 минуттық сөзімді қысқартуға тура келді. Шыңғыс Айтматов атындағы академияның президенті Рахима Абдувалиева екеуміз сегіз минутқа қысқарттық. – Лордтар алдында нені тілге тиек еттіңіз? – Ең әуелі британ жұртына алғысымды білдірдім. Бұл – менің Англияға үшінші келуім. «Гауһартас» ағылшын тілінде шықты.