британ жұрты да ерекше қабылдады. Фестивальге өзге ағылшын театрының режиссерлері де көптеп қатысты. Солардың арасында «Актрисаны» қоямыз деп, пьесаны сұрап алғандары да болды. Кәріс театры қойды делінгенімен, ұлттық музыкамызды қойып, ұлттық киіммен шықты. Төртінші күні ағылшын театры «Аққу Жібекті» сахнаға алып шықты. – «Аққу Жібектің» сізге қатысы бар ма? – Бағдарламамыздағы ең басты оқиғаның бірі – «Аққу Жібек» пьесасы. Бұл пьесаны британ театрының артистері ағылшын тілінде қойды. пьесаның маған қандай қатысы бар дегенге келсек, Сұлтанғали Шүкіров деген иллюзионист жігіт бар. Қуыршақ театрының директоры қызметінде жүргенінде, қыр соңымнан қалмай, «Қыз Жібекті» сахнаға шығарайықшы» деп қолқа салған еді. «Қыз Жібекті» жаза алмаймын. Оның киносы бар. Операсы мен пьесасы бар. Эпостың өзі бар. Бұдан не табамын?» деп көнбей қойсам да, «Төлеген мен Жібекті аққу етіп, бір көлдің жағасында өмір сүргізсек» деп қоймаған соң, амалсыздан келіскен едім. Екі күннің ішінде пьеса жазылды. Қысқа уақытта жазылған дүниенің британ сахнасынан бір-ақ шығатынын қайдан білейін?! Қуыршақпен ойнаған жоқ. Актерлердің өзі сол аққу кейпіне түсіп, өте сәтті алып шықты. Ағылшын режиссерлеріне бірнеше пьесам ұнаған екен. Сол пьесаның арасынан «Аққу Жібектің» айтар ойы бөлек болса керек. Жібектің аққу болып ұшып кететін сәтін ерекше көрсетті. Спектакльдің режиссері – Кореяда туған, Ұлыбританияда тұратын кәріс қызы екен. Кәрісшесін де ұмытпапты. Корей театрының директоры Любовь Августовнамен кәрісше сөйлесіп отырды. Кемшіліктер болмады емес, болды. Әр ұлттың пьесасын өз ұлтындай ешкім қоя алмайды деп бекер айтқан жоқпын. Соның өзінде, екінші пьесамды британ театрының сахнаға алып шыққанының өзі – айрықша оқиға. – Ағылшын театр сыншыларының қазақ драматургиясы туралы пікірлері қалай? – Ағылшын театрларынан арнайы театр сыншылары келіп, спектакльдерді тамашалады. Әзірге сыншылардың пікірі жаман емес. «Актриса», «Жаужүрек» спектаклі туралы жылы пікірлер айтылып жатыр. – Британ театрлары қазақ драматургының шығармасына қаламақы төлей ме? – Өткен жолғы спектакльге қаламақы төлеген жоқ. Меніңше, бұл әдеби агентімнің қулығы ма деп ойлаймын. Әдеби агент пен жазушы көп соттасып жатады екен. Бұл жолы да «Кітабыңыз да сатылып жатыр. Спектакльге де билет сатылуда. Желтоқсан айында хабарласамыз» деді. Күтеміз. – Ағылшын сахнасына қалай жол таптыңыз? – Жолым болған себебі – Санкт-Петербор театрының сахнасында «Өкпек жолаушы» спектаклі қойылды. Осы «Өкпек жолаушы» ақырында Лондонға барып, бір-ақ қонды ғой. «Драматургия жарықтық – жаяу жанр» деп жиі айтамын. Ол негізсіз емес. Басқа елге танылу үшін де уақыт керек. Процесс ұзақ жүреді. Бұл – эстрада емес. Таңертең ұшып барып, кешкісін сахнаға шыға салмайсың. Пьесаны оқиды, талқылайды. Әр актер өзіне қандай рөл тиетініне дейін талқылап отырады. Қазақстанда қандай пьеса барын олар қайдан біледі? Дүниежүзінде не көп, драматург көп. Керісінше, оларда Орта