Мәдениет саласының майталмандарымен пікірлесетін, олармен сыр шертісетін Қазақ радиосының «Өнер алаңы» хабарында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабековпен сұхбат өрбіді. Сұхбаттың толық нұсқасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
– Дулат аға, күрделі жанр – драматургиядағы еңбегіңіз елеулі. Кейінгі табыстарыңызды айтпағанның өзінде баяғы «Кішкентай ауыл», «Әпке» пьесаларыңыз театрлардың репертуарынан әлі түспей келеді. Әсіресе, «Әпке» спектаклінің тақырыбы қай заманда болсын өзекті. Бәлкім, өміршеңдігі де сондықтан шығар?
– Оның сырын кім білген?.. Бәлкім, сәтті жазылуына өмірбаяным арқау болған шығар. Бәрін бастан-аяқ баяндай бермей, ең керегін ала білгендіктен болар. Ал драматургия – рас, айрықша жанр. Қазір сахнада қойылып жүрген шығармалардың көбі әлі драматургия емес, сахналық проза немесе сахналық публицистика. Драманың өзіндік ерекше тылсым сырлары бар, оның дамуын, композициясын, кульминациясын жасай алу, әртүрлі образға керекті сөз табу, қызықты диалог өру, 400-500 беттік романның жүгін 30 бетке сыйғыза білу – қиын. «Әпке» 1977 жылы жазылып, 1978 жылы сахналанды. Әлі күнге дейін қойылып келеді. Биыл «Гауһартас» фильмінің 40 жылдығын атап өттік. Осы аралықта қанша кино түсірілді, соның қаншасы ұмыт болды?
Мұның сыры – адамзатқа тән жәйттерді түгел қабылдай отырып, өз кейіпкеріңе ұлттық бояу сіңіру, оқиғаның бәрін жинақтай келе, ұлттық бейне жасау, ұлттың трагедиясын, мұңын айту, мінезін көрсету дер едім. Сонда ғана шығарма жұртқа керек болады. Мысалы, «Өкпек жолаушы» немесе сахналарда қойылып жүрген «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын неге ағылшындар қойды? Себебі, ортақ проблема бар. Драматургияға қысқалық, нақтылық қажет. Қазақ драматургиясында жалпылама сөз көп, бір шәй ішудің өзін 10-15 бетке дейін суреттеп отыратындар немесе сахнада тұрып алып ақыл айтатындар жетеді. Оны драматургия көтермейді. Сонымен қатар, драматургияда төбеден ұрғандай қылып төтесінен айтпайды, астарлап жеткізеді. Мысалы, Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу» пьесасында Розенбах сүйген қызымен қоштасып, дуэльге кетіп бара жатады. Жекпе-жекте өлетінін біледі. Қайта бұрылып келіп, қызға: «Мен ертеңгі кофемді ішпей кетіппін ғой», – деп бір-ақ ауыз сөз айтады. Осы сөздің астарында қандай трагедия жатыр! Ал біздің драматургтер болса, «Сені қайтып көремін бе, жоқ па? Сапарға кетіп барамын. Қош бол, жаным!» деп жазады. Бұл түк те қызық емес. Жалаң сентиментализм. Өмірдің шындығын және ең керектісін айта білсең, барлық елге ортақ трагедияны, ортақ драманы көрсетсең ғана ол ағылшынға да, французға да, қазаққа да керек болады. Жақында ғана «Өкпек жолаушы» француз тіліне аударылды, келесі жылы Париж қойғалы жатыр. Драматургиямен қазір жұрттың бәрі айналысады, бірақ, оның шын мәнінде не екенін көбі біле бермейді. Драматургия – асау, тағы жанр. Оны «көндіріп», игеріп, бас білгізу қиын.