аударды. Неге бір адам емін-еркін қимылдап жүр? Осының бәрі де біздің көп нәрсеге дайын еместігімізді көрсетеді. Елбасы бастап елімізде тыныштық пен тұрақтылықты сақтап отырғаны қуантады. Ол да дұрыс. Бірақ «тынышпыз» деп алаңсыз отыруға тағы болмайтынын соңғы оқиғалар дәлелдеп берді.
– Жастардың көп «адасуының» тағы бір себебі – білімінің жоқтығынан, сауатсыздықтан туындап отырған жоқ па?
– Білімсіздік дегеніміз не? Оқымаған надандық па? Бірақ бұлардың барлығы кемінде 11 жыл мектеп партасында отырғандар ғой. Кезінде жеті класстық білімімен ел басқарған адамдар болды. Оны тарихтан білесіздер. Әріп танымайтын, мектепте отырмаған ақсақалдар әлдеқайда ақылды болған жоқ па?
Меніңше, мұндағы ең үлкен кілтипан – сананың төмендігі. Сананың төмендігі неден басталады? Кешегі жігіт туралы да «тәртібі дұрыс еді» деген пікірлер айтылып жатыр. Ол баланың адасуына әдебиетті оқымағандығы деп айтар болсақ, бір ғана жалаң себеп болар еді. Көркем әдебиетті көп оқыған адам ондай іс-әрекетке бармайтын да болар, әрине.
Бірақ он бір жыл бойы партада отырғанда, мектеп бағдарламасы бойынша әдебиет сабағынан құрығанда бірнеше шығармамен танысты ғой. Сондықтан оны сауатсыздықтан осындай іс-әрекетке барды деп айтуға аузым бармайды.
Рас, кезінде біздің әдеби шығармаларымыз қолдан қолға тимеді. Тіпті менің алғашқы кітабым 24 мың таралыммен жарық көрген еді. Қазір сол таралым екі мыңға түсіп қалды. «Жұлдыз» журналының таралымы – 240 мың болатын. Қонышына тығып алып қойшылар тауда оқып жүретін еді. Кітап дүкендерінде қазақ кітаптары толып тұратын. Кітап дүкені болмаған жағдайда орталық дүкендердің бір бұрышында кітаптар сатылатын еді. Тіпті керек десеңіз, үнді шайына қосып, кітап тегін таратылатын.
Сол себепті де, кітап оқыған адамның санасы өзгеше қалыптасты. Бұзақылықтан аулақ жүрді. Тәртіпсіздікке көп ұрына қойған жоқ. Әрі ішкі тәрбиесі бөлек қалыптасты. Қазір оның бәрі тоқтады.
Расул Ғамзатов бір кезде: «Кеңес өкіметі өзінен шіркеуді бөліп тастаған еді. Ал тәуелсіз Ресей әдебиетті бөліп тастады» деген екен. Әдебиетті бөліп тастау дегеніміз – адамдардың ішкі жан-дүниесінің деградацияға түсуіне әкеледі. Қазір шенеуніктердің көбі кітап оқымайды. Мектеп бітірді, жоғары оқуға түсті. Олардың қосымша бір кітаптың бетін ашпағанына кәміл сенемін.
Өзі оқымаған адам өзгені қалай тәрбиелейді? Олар мемлекеттегі ең үлкен жауапты адамдар емес пе? Адамдардың халін білетін, оның мұң-мұхтажына көз жүгірте алатын адамдар лауазымды қызметке тартылатын еді бұрын. Қазір мүлдем керісінше боп кетті. Бұрын әдебиет пен оқырман бірге еді.
Бүгін әдебиет пен халықты бөліп тастағандай әсер аламын. Соның кесірінен білімі саяз, санасы төмен жастар кез келген ағымға, кез келген уағызға ілесіп кете береді.
Ішкі мәдениеті қалыптаспаған, бағыт-бағдарынан айрылған жандар көрсеқызар, ілеспе, уланғыш келеді.