Екінші жағынан, тұрмыстық әлеуметтік жағдайы да себепкер боп жатады. Сананы тұрмыс билеген заманда «Ақша төлеймін» десе, кейбір жастар халыққа қару кезенуден де тайынбай кете ме деп қауіптенемін.
– Әдебиетті халықтан бөліп тастаудың бір себебі – жазушыға да келіп тірелетін сияқты. Өткен ғасыр кеңестік кейіпкерлерді тәрбиелесе, бүгінгі тәуелсіз әдебиетте тәуелсіз кейіпкерлер әлі туған жоқ. Соның бір ұшы әдебиеттің оқылмауына алып келді. Осыдан он-жиырма жыл бұрын жазылған шығармамен бүгінгі оқырманды тәрбиелеу мүмкін бе?
– Бұдан кейін өткен әдебиет оқылмайды. Оған нақты көзім жетті. Ол әдебиеттің жазылып-жазылмауынан емес. Жарайды, Мұхтар Әуезов «Абай» романын бүгін жазып бітірді делік. Сол романды жұрт таласып-тармасып оқиды деп ойлайсыз ба? Ол кісі романын шығару үшін ақша іздеп әлек болып кетер еді. Кітабын бастыру үшін, оны өзге тілге аудару үшін жанталасар ма еді, кім білсін?!
Сол романның Кеңес кезінде жазылып қалғанына қуанамын. Ол сол замандағы ең үлкен оқиға болды да, Лениндік сыйлық алды. Одан кейін әлемге тарады. Оған сол үшін қомақты қаламақы төледі.
Қазір қаламақы деген бар ма? Жоқ. Шығарма мүлдем жазылмайды деп ауызды қу шөппен сүрте алмайсыз. Жақсы шығармалар әлі де жазылуда. Мағауин «Шыңғысханын» жазды. Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» деген романы шықты. Бұрын да жақсы шығармалар сирек жазылған.
«Жұлдыздың» бір санында бір ғана шығарма оқылатын да, қалғаны жалпылама дүниелер болып кететін. Кезінде қанша жазушы танылды, қазір де солай. Одаққа жеті жүзден астам жазушы мүше болса, соның алпыс-жетпісі ғана танымал. Оқушы өзгерген жоқ. Тек өмірді тұрмыс билеп кеткені болмаса.
Оның үстіне, кітап оқып отыруға адамдардың уақыты да жетпейді. Көпшілік күнкөрістің қамымен жүр. Театрға бармаған жұрт «Тамашадан» табылады. Өйткені онда бас қатырып жатпайды. Күрделі әдебиетке, күрделі шығармаға ойланғысы келмейді. Оның үстіне екі мың таралыммен шыққан жақсы роман кімге жетеді?
Олар Бексұлтанның «Әй-дүние-ай» романының шыққанынан да хабарсыз болуы мүмкін. Сондықтан, бүгінгі әдебиет пен оқырман біріге ме, бірікпей ме, ол жағы тағы белгісіз.
Дегенмен, бір нәрсе ақиқат: әдебиетті керек ететін ұрпақ жоғалған жоқ. Тағы бір мәселе, әдебиеттің жағдайының бұлай төмендеуі біздің елімізде ғана емес. Жоғарыда Расул Ғамзатовтың пікірін текке мысалға келтірген жоқпын. Өйткені Ресейде де таралым азайып кетті. Бұрын елу-алпыс мыңмен таратылатын кітаптар қазір екі-үш мыңға түсіп қалды. Кітап нарығы мүлдем жоқ.
– Дамыған мемлекеттерде кітап тарату ісімен әдеби агенттер айналысады. Мәселен, сіздің «Қарғын» романыңыз шықты делік. Роман шықпас бұрын агенттер оның насихатымен айналысады. Сол арқылы жазушы қыруар пайда табады. Ал жазушы тек жазумен айналысады. Мүмкін, сізге әдеби агент қажет шығар. Қалай ойлайсыз?