Дулат Исабеков: “Қазақты жұмыссыздық тоздырып барады”

Мәдениет саласы даудан арылмайтын. Жұрттың ермек қылатын саласы да – осы мәдениет жағы.

Баяғыда репертуарлық редколлегия деген болды. Со­ның маңайында пікірталас толас­тамайтын. Әзірбайжан Мәмбетовтің өзін сынаушылар өте көп болды. «Репертуарлық редколлегияны құрту керек» деп жүріп, соның бәрін таратып еді, қазір қайта шулап жатыр: «репертуар редколлегиясын қайта құру керек» деп.

Сол кездегі дау-дамайдың көбі драматургияның айналасында болатын. «Орыс театрлары, өзге театрлар қазақ драматургтерін қоймайды» деп шуылдайтын топ қазір орыс театрында қазақ шығармасы сахналанып жатса да, үндемейді.

Пьесаларым Түркияда, Лондонда қойылды. Соған қуанған қазақты көргенім жоқ. Көрдіңіз бе? Сондықтан, Мәдениет министріне қатысты дау-дамайдың болуы мен үшін жаңалық емес. Өйткені мұндай даулар бұнымен тоқтап қалмайды. Арыстанбекке дейін де мұндай дүниелер болған. Бұдан кейін де болады.

Кезінде Ермұхамет Ертісбаевты қалай сынадық? «Қазақша білмейді» дедік. Қазақша білетін Арыстанбек Мұхамедиұлы келіп еді, оны да сан-саққа жүгіртіп жатырмыз. Осылардың аузындағы сөзді аңдып отыра ма, білмеймін.

Меніңше, Арыстанбек осы салада жанын салып жұмыс істеп жүр. Әрі қазақы тәрбие алған жігіт. Екіншіден, қазақы рухы бар. Үшіншіден, қазақтың рухани дүниесі жақсарса деп шырылдап жүр. Оның үстіне, қазір қаржылық дағдарыс та белең алып тұр. Театрға да, киноға да ақша жетпей жатады. Мәселен, Қызылорда облыстық театрында жылына бес спектакль қойылатын болса, қазір оның екеуін қысқартуға мәжбүр.

– Қадыр Мырза Әлінің «Иірімі» бар. Қалихан Ысқақ «Келмес күндердің елесін» жазып қалдырды. Қатар жүрген қаламгер достарыңыз жөнінде естелік жазу ойыңызда бар ма?

– Жазғым-ақ келеді. Асқар Сүлейменов туралы «Эмигрантты» жазған едім. Соны жалғастырсам деген ойым бар. Кейде соларға арнап, хат та жазғым келеді. Әсіресе, Оралхан мен Ақселеуге мұңымды шақсам деймін. «Неге кетіп қалдыңдар? Неге ерте асықтыңдар? Біз­бен бірге халықтың жақсылығын да, жамандығын да бірге көрулерің керек еді ғой» деп жазсам деймін.

Оларға айтар ойым, шағар мұңым бар. Өзегімді өртейтін дүниенің бәрін жазып, ақ­та­рылғым келеді.Қазір іштегі ызаны тө­гетін адамым да жоқ. Сондықтан, бәрі мида пісіп жатыр. Қағазға қашан түсе­тінін білмеймін…

 Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

 «Айқын» газеті

https://dalanews.kz/comment/18346-dulat-isabekov-azir-sheneunikterdi

Pages: 1 2 3 4 5