ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРІ: ТӨРТІНШІ КУРСТАН ТАНЫМАЛ БОЛДЫМ

Жазушы, драматург Дулат Исабеков 1966 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. Болашақ жазушы университет қабырғасында жүргенде-ақ шығармашылыққа бет бұрды. Қазақ прозасында өзіндік қолтаңбасы бар қаламгердің шығармалары әлемнің бірқатар тілдеріне аударылды. Драматургияда да өзінің сара жолын айқындай алды.

– Студент кезімде жақсы оқыдым дей алмаймын. Диплом қорғағанда академик Зейнолла Қабдолов ағай: «Әй, Дулат, сен менен үш алған екенсің ғой. Қалай үш алып жүрсің?» – деп таңғалғаны бар. Жастық шақта кейде босаңситын кездер болады. Босаңсыған шығармыз, дайындығымыз аздау болып, билеттегі сұрақты білмей қалған болармыз, дегенмен дипломды беске қорғадым. Бірінші курстан бастап, тіпті ауылда жүріп шығармашылық жағына көңілімді көбірек бұрдым-ау деймін. «Жолда» деген тұңғыш әңгімем екінші курста оқып жүргенде «Замандастар» жинағына енді. «Қазақстан жазушыларының әңгімелері» деген үлкен кітап болды. Әңгімем осы жинаққа енгеннен кейін жолым ашылды. Төртінші курста «Шойынқұлақ» деген әңгіме жазып, ол «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің үш нөміріне қатар басылды. Ол заманда үш нөмірге қатар әңгімесі басылу аспаннан комета түсті дегенмен бірдей болатын. Өйткені газеттің өзі санаулы еді. Жастар шығармашылығын насихаттайтын бір-ақ газет болды. Ол осы – «Лениншіл жас». Таралымы – 1 миллион. «Лениншіл жасқа» бір рет шыққан ақын-жазушының аты белгілі болатын. Үш нөміріне қатар шыққан соң, танымал болып шыға келдім. Тіпті өзім студент болсам да, КазГУ-де кездесулерге шақыра бастады. Бесінші курста «Бекет» деген кітабым шықты, – дейді Дулат аға.

Ол бесінші курста Мұхтар Әуезов атындағы әдеби үйірменің жетекшісі болды. Сол жылдары Жайсаңбек Молдағалиев, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Есенжол Домбаев, Асқар Сүлейменов сынды жас жазушылар шықты. Кейінгі толқын соларға еліктеп, солардың қасында жүргеніне, дос болғанына мәз болды. Сол кезден қалыптасқан, өзіндік жолын айқындаған жазушылармен дос болып, солардың ортасында жүру шығармашылық жағынан өсірді. Студент Дулат, расында да, көп оқып, көп ізденді. Ги де Мопассанды да сол кезде оқыған, бірақ оқымаған жігіттер бес алып кетті де, оқыған бұл үш алды. Әңгімені жақсы айтатындар болады ғой. Оған өкінген жоқ. КазГУ-дің атақты студенті болып оқуды бітірді.

– Тас жауып тұрса да, дәрісін жібермейтін ұстаздарым – Зейнолла Қабдолов, Темірғали Нұртазин және Светлана Михайловна Сагалович. З.Қабдолов әдебиеттің нөмірі бірінші теоретигі болды. Сабағы өте салмақты өтетін. Өмірде көргенімен түйістіріп айтатын. Тырс еткен дыбысты көтере алмайтын. Ренжімейтін, бірақ «Әй, сендер тыңдамай отырсыңдар ма? Онда сыртқа шығып кішкене бой сергітіп қайтыңдар» дейтін. Соның өзі бізге түсінікті болатын. Темірғали Нұртазин репрессияға түскен адам. Ортаға келіп орындықты қойып отыратын да, сабақты қызық, ерекше бастайтын. Мәселен, Сәкен Сейфуллиннің лирикалық шығармалары туралы болса, Сәкен өмірінің қызықты сәттерінен біраз әңгіме айтатын. Светлана Сагалович антикалық

Pages: 1 2 3 4