әдебиеттен сабақ берді. Өзі көрікті, әңгімені майын тамызып айтатын адам. Ұстазымыздың арқасында антикалық әдебиеттен жақсы білім алдық. Айтқан дәрісін ұйып тыңдап, ертеңіне өзіне айтып бергенімде таңғалатын. Н.Сац атындағы орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында спектаклім қойылғанда Светлана Михайловна театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі екен. Мені ұмытпапты. «Бүгін менің студентімнің спектаклі қойылып жатыр. Мен онымен мақтанамын» деп өзгелерге таныстырғаны бар, – дейді Дулат аға ұстаздарын еске алып.
Жазушы мектеп жасынан, одан студент кезде өз әдебиетімізге біршама қанықты. Ауылда өскен бала үшін батыстың темір шымылдығы жабық болды. Бірінші курстан кейін қараса, әдебиеттің бүкіл құндылықтары батыста жатыр екен. Cодан қатарластарымен бірге жаппай кітап оқуға кірісті. Соларды оқыған соң, шығарма жазуға деген көзқарасы да өзгерді.
– Мен осы студент кезімде қыздар әлеміне назар аудармаппын. Жатақханада сегіз бала жатамыз. Ол кезде бір жақсысы – оқыған кітаптарымызды бір-бірімізге айтып, талқылайтынбыз. Әркім өз пікірін айтып, қырғын талас болатын. Осы таластың өзі өсіреді. Ақселеу Сейдімбекпен қатар оқыдық, екеуміз жатақханада үстелді ортаға қойып алып, қара терге түсіп теннис ойнайтынбыз. Алматыда бірге оқығандардан Сауық Жақанова мен Темір Тасболатовтар бар. Төлен Әбдіков бір курс жоғары оқыды. Бексұлтан сырттай оқыды, бірақ студенттік шақтан араласамыз. Елу бала оқыдық. Елу баланың елу түрлі мінезі бар. Солардың көбі – шығармаларымның кейіпкері. Қатарластарымыз Төлен Әбдіков, Бексұлтан Нұржекеев, Қадірбек Сегізбаевтар сексенге келіп қалды.
Біздің алдымыздағы ағаларымыздан сексенге келген Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов болды. Әбдіжәміл Нұрпейісов ұзақ жасаудан өз алдына рекорд. Заманның жақсылығы ма екен, біз сексенге оңай келген сияқтымыз. Біздің алдымыздағы толқынның көрмегені жоқ. Ашаршылықты, соғысты, небір зұлмат заманды бастан кешірді. Сондай топалаң, ашаршылық, қырғын, айтыс-тартыс, «халық жауы» деп бүгін алып кетуі мүмкін, алай-бұлай заманға қарамастан, Ғабит Мүсірепов ақсүйектікті сақтап қалған. Киім киісі, сөйлеу мәнеріне қызығатынбыз. Үстіндегі плащы сары болса, міндетті түрде сары қолғап, сары туфли киетін. Шалбарының қыры кетпейтін. Бәтіңкесі жалтырап тұратын. Бірде Ғабиден Мұстафиннің «Әй, ар жағыңдағы адам кетіп қалды-ау деймін, Ғабиттің бәтіңкесі арқылы оның суретін көріп отыр едім» деп әзілдегені бар, – дейді ол.
Дулат аға жазушы ретінде де, драматург ретінде де қашанда сұраныста. Сол себепті шығармашылығына, оның жарық көруіне өкпесі жоқ. Шетелдің он театрында пьесалары қойылды. Лондонда екі, Санкт-Петербургте үш спектаклі жүріп жатыр. Өзге республикаларды, өзіміздің театрларды есептеп жатпай-ақ қояйық, Австралияның Мельбурн қаласында спектаклі қойылуда. Мельбурн қай қазақтың спектаклін қойып еді? Кейде әкімшіліктегілер селқос тыңдағанда «Сонау Мельбурнның театры қазақ пьесасын қойып жатқанда сендер қалай селт етпейсіңдер? Мельбурнға облыстық театрдың премьерасындай қарайсыңдар. Ол – Мельбурн! Онда қазақ пьесасы бірінші рет қойылып отыр» деп айтатыны бар. Мельбурн театры