керек, әсіресе драматургияда. Прозада бір сөз артық, бір сөз кем бола беруі мүмкін. Ал драматургияда оны кешірмейді. Өйткені 800 беттік «Анна Каренина» романын сен 70 бетке түсіруің керек. Студенттерден «Жазушылықтың, әсіресе драматургияның қиындығы неде?» деп сұраймын. Біреулері жазуды айтады. Оның бәрі шығармашылық процесс. Оның қиындығын екінің бірі біледі. Драматургтің лексиконында «білмеймін» деген сөз болмауы керек. Сендер отыз жастан кейін әлемнің бүкіл оқиғасынан хабардар болып отыруларың керек. Сендерге «саясатпен айналысыңдар, саясаттанушы болыңдар» деп жатқан жоқпын. Әлемде саяси бағыт қалай болып жатқанынан хабарларың болу керек. Д.Менделеев химияда, Н.Лобачевский математикада қандай жаңалық ашты, міне, осы сияқты басты жаңалықтарды білу керек. Әлемдік музыкадан құлағдар болған жөн. Жазушылардан өзгеріс енгізген реформаторлар – неміс жазушысы Бертольт Брехт, америкалық драматург Артур Миллер сияқты басты-бастыларын білуге тиіссің. Классикалық музыканы біліп, балеттен хабарларың болу керек. Соның бәрін білгенде шығармашылығыңның зияткерлік деңгейі жоғары болады. Мысалы, Мұхтар Әуезов Ленинград университетінде Фадеев, Савельевтермен оқыды. Ал Сәбит Мұқанов рабфакты бітірді. Екеуінің шығармашылығын салыстырып қарағанда деңгейі аспан мен жердей. Әуезовтің барлық шығармасы әлемдік деңгейде. Сәбең көрген-білгенін баяндап кете береді. Әуезов Фадеевпен, Савельевпен «сен» деп сөйлескен адам. Өйткені деңгейі бірдей. Білімнің қаншалықты керек екенін осыдан-ақ аңғаруға болады, – дейді ол.
Дулат аға көрген-түйгенін студенттерге айтудан жалыққан емес. Түрлі мысалдар келтіріп, ұлы тұлғалардың жақсы қасиетін үлгі тұтады.
– Пьеса жазуға талаптанғандар «Мен Әуезов, Мүсірепов немесе Чехов емеспін ғой» деген жаман ойды мүлдем санадан шығарып тастау керек. Олай ойлайтын болсаңдар, жазу үстеліне отырмаңдар. «Мен олардан кем емеспін» деген ой болу керек, сол ой сені биікке қарай жетелейді. Ол үшін көп біліп, көп оқу қажет. Өз ойыңды, характеріңді, жағдайыңды олармен салыстыру керек. Адамның өзіне-өзі сын көзбен қарай білгені жөн. Қазақта «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз бар. Оны тоқтатыңдар. Балаларына қарап «жаман да болса іштен шыққан шұбар жылан ғой» деп айта салған сөз ғой. Бұл – шығарма! Ол ең алдымен өзіңді қанағаттандырмаса, басқа жұртты қалай қанағаттандырады?! – дейді жазушы.
Сексенге қарай қадам басқан жазушы әлі де қауырт жұмыс үстінде. Алға қойған мақсат та, орындасам деген жоспар да көп. Соған қарамастан, «Qazaq universiteti» газетіне сұхбат берген Дулат ағаға ұзақ өмір тілейміз!
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ
https://www.kaznu.kz/kz/3/news/one/29252/