ДУЛАТ ИСАБЕКОВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: ӘЛЕМ ХАЛЫҚТЫ ТЕАТР МЕН КИНО АРҚЫЛЫ ТАНЫҒАНДЫ ҚАЛАЙДЫ

– Өткен жылы сіздің Михаил Булгаков туралы жазған пьесаңыз Петерборда қойылды. Жаңылыспасақ, әзірге шығармасы шетелдерде сұранысқа ие болып, қазақ драматургиясының көкжиегін кеңейткен өзіңіз ғанасыз… 

– Негізі Сұлтанәлі Балғабаевтың шығармалары да шетелдерде жүріп жатыр. Бірақ, жуырда Қазақстан ав­торлар қоғамының төрағасы Марал Ысқақбаев «ең үздік драматург» деген номинация бойынша Өмірбек Боранбаевты атапты. Шын мәнінде бізде Боранбаевтан да мықты дра­матургтар бар ғой. Әлгі Сұлтанәлі Балғабаевтың өзі, мысалы, деңгейі әлдеқайда жоғары қаламгер. Кейін бір ұшырасып қалғанымда Марал Ысқақбаевқа: «Әй, Мәке, Сәкен Жүнісов қайтыс болып кеткен соң құдайларың беріп, ойға келгенді істеп жатырсыңдар-ау. Ол тірі тұрса, айғайлап, шындықты айтып шығатын еді, ол кезде мына басың иығыңда тұрар ма еді, тұрмас па еді…» дедім… Ол кісі күлді де қойды.

Негізі бізде кейде еңбек дұрыс бағаланбайды. Мен мысалы, Петерборға барып, әлгі пьесамның премье­расына қатысып келгенімде осындағы қаламгер әріптестерімнің ешқайсысы «құтты болсын» айтқан жоқ. Тіпті, «қалай өтті?» деп, сұрап, назар аударған да жоқ. Құдды естімеген, білмеген адам сияқты. Осыны байқағанда ойланып қалдым…

– Бәлкім, шынымен естімеген шығар?..

– Қалай естімесін, естиді ғой. Барлық газет-журнал жазып, теле­арналар сүйіншілеп көрсетіп жатты емес пе?

– …Естуімше, Қалихан Ысқақов сізді «Жалғыз» деп атаған екен. Неге?

– Ол рас. Өйткені, маған «жалғыз жүресің» дейтін. Оның үстіне Асқар Сүлейменов туралы «көп ішіндегі жалғыз» дегенді мегзеп, «Эмигрант» деген естелік жаздым ғой. Бірақ ол ешқашан эмиграцияға ұшырамаған. Түркіменстанға ғана барып қайтқан. Ал тұлға ретінде ешкімге ұқсамайтын, өз алдына бір төбе болатын. Көптің ішінде жүрсе де, жалғыз жүретін… Бірақ, сонда да оқшауланбауға тырысатын еді.

Бірде менің Асқар Сүлейменовке: «Көрінген адаммен кездесе бересіз. Мен соны кешіре алмай­мын. Ол биігіңізді төмендетеді, абыройыңызды түсіреді» деп өкпе айтқаным бар. Сонда Асқар Сүлейменов жарықтық: «Эй, слушай, мальчик. Приставь себе…» деп тұрып мынаны түсіндірген еді. Ол өзі со­лай көбіне орысша сөйлейтін. Мені «мальчик» дейтін. Сонда айтады: «сен Алматыда тұрасың. Өзіңмен рухани жақын адамдар әр шалғайда жүреді. Мәселен, сен Марксты іздеп қайдан табасың? Олар көп емес қой. Сондықтан, кім көрінгенмен әңгімелесуге, кейде дастархандас бола беруге тура келеді ғой». Ол осылай дейтін. Және маған ылғи да: «Арыстың суынан акула іздегенді қашан қоясың?» деп ұрсатын.

– Жазушы ретінде сіз оңаша жүріп, саяқ жайылғанды жөн көретіндерденсіз бе?

– Адамның бәрі түптеп келгенде бір-бір жалғыз. Жалғыздық, оңашалық болмаса, шығарма тумай­ды. «Ақындардың бәрі жалғыз» деп Мұқағали айтып кетті ғой кезінде. «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп Абай да айтты. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп Мағжан жырлады…

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8