style=»font-weight: 400;»>Ойлы адам өзгелер секілді ойнап-күліп, қызықтап, ішіп-жеп жүре беруі мүмкін. Бірақ, оның өз ойы өз ішінде. Қақпағы жабылған, қайнап жатқан қазан сияқты. Сол ішіңдегі ой-қазаныңа зер салсаң-ақ жалғыздығыңды сезінесің. Сырласатын адамның жоқтығына налисың. Кейде бәрін айтып, ішіңдегіні төгіп-төгіп тастағың келеді. Сондайда жаныңа таяныш, сүйеніш, жақындық іздейсің. Мұқағалидың Фаризаға мұң шаққаны да сондықтан ғой.
Жалғыздық туралы айтса, менің ойыма мына бір оқиға оралады. Мұқағали Тоқаш Бердияровты қатты жақсы көретін. Біздің «Жұлдыз» журналында істеп жүрген кезіміз. Төлен Әбдік екеуміз жұмыс арасында суатқа құлағандай, коктейль ішпекке редакцияның астыңғы қабатындағы барға бардық. Қарасақ, бардың ішіндегі бір бұрышта Тоқаш Бердияров пен Мұқағали шахмат ойнап отыр. «Әй, мыналар шахмат білуші ме еді?» – деп, таң қалдық. Сөйттік те: «жүрші, позициясын көрейік» деп, жандарына бардық. Қарасақ, екеуі өздерінше ойнап отыр. Бірақ тақта бетінде король жоқ. «Өй, корольдарың қайда?» – дейміз біз таң қалып. Мұқағали: «Мынау баяғыда жеп қойған», – деп, Тоқашты көрсетеді. Тоқашқа қарап: «Ал сенікі қайда?» – дейміз. Сөйтсек, ол да: «Мұқағали жеп қойған», – дейді… Корольсіз шахмат ойналушы ма еді?! «Кімді жеңемін деп отырсыңдар?» – дейміз біз таң қалып. Бірақ, олар ештеңеге қарар емес. Ойынды жалғастырып отыр… Қазір ойлап қарасам, сол оқиғаның өзі көп нәрсені білдіреді екен ғой. Менің түсінігімде олар бірін-бірі іздеген. Сол себепті, шахматтың тілін жақсы түсінбесе де, шахмат тақтасында бірге отырып, жан үйлесімділігін тапқысы келген. Сонда олардың ар жағында айтылмайтын бір сағыныш болған сияқты. Ер адам болған соң «мен сені сағындым» деп айта алмайды ғой. Негізі, есі дұрыс адам корольсіз шахмат та ойнамайды. Бірақ бұлардың ойнағаны есі дұрыс болмағандық емес, олардың жалғыздығынан.
Тағы бір мысал, менің «Өкпек жолаушы» деген повесімнің бас жағындағы экспозицияға алынған бір шалдың бейнесі бар. Ол өзі Баракат деген ауылда тұрушы еді. Өзі жалаңаш кеудесіне шекпенін жамылып алып, бір қолын таяғына сүйеніп келе жататын. Сонда бір кісі: «Ата, қайдан келе жатырсыз? Күнде осы уақытта қайда барасыз?» деп сұрағанын көргенмін. Ол кезде алты-жеті жастағы баламын. Бірақ, ана кісінің жауабы есімде қалып қойыпты. «Ей, алыста бір кеуіп қалған құдық бар еді. Соған барып, айқайлап келе жатырмын. Бұл ауылда сөз тыңдайтын адам қалды ма?» дейтін. Кейін есейгенде сол есіме түсті. Сөйтіп, әлгі повесімнің лейтмотивіне айналды.
Сол секілді, біз де құдық іздеп жүргендерміз. Әлгі шалдың басындағы трагедия бізде де бар. Әйтпесе күнделікті тірлікте: «анда бардым, мында бардым. Құдам бүйтті, құдам сүйтті, маған анадай берді, мынадай берді» дегеннен басқа әңгіме бар ма? Көпшіліктің айтатын әңгімесі осындай ғой. Одан өзге терең ой қозғайтын нәрселер айтсаң, тыңдай алмайды. Сөйлесуге