Бірақ жеті томдық шығарғанда өйткен жоқпын. Ешкімге жалынышты болғым келмеді. Әйтпесе, менің сөзіме құлақ асатын адамдар да бар. Айтсам, алар еді.
– «Қарғынды» қайта бастырыпсыз…
– Иә. Қазір сатылып жатыр.
– Өтімділігі қалай?
– Дүкендерде тұр. Өткенде екі күнде 20 кітап сатылғанын естідім. Осы өз редакциямыздан да күн сайын 20-30 кітапты сатып алып кетіп жатыр.
– …Жазушылық бұрын кәсіп болатын. Қазір ше?
– Жазушы дегеннің өзі бір жағынан алғанда түсініксіз мамандық қой. Расында, бұл не? Мамандық па, кәсіп пе, әлде атақ па? Бұрын, мәселен, «мен кәсіби жазушымын» дейтінбіз. Соны өзімізше масаттанып айтатынбыз. Ал қазір қарап тұрсақ, жазушылықпен ғана күн көруге болмайтын сияқты. Мысалы, адам инженер болуы мүмкін. Экономист болуы мүмкін. Кәсіби боксшы болуы да мүмкін. Ал жазушы ретінде кәсіп иесі болу, жазушылықты кәсіп ету мүмкін емес сияқты.
Адамда жан дүниенің толқуы деген болады. Мұндай толқу адамды үнсіз қалдыра алмайды. Бірдеңе дегізеді. Яғни, адам жазбай отыра алмайды. Бірақ, сонда да, мұны кәсіпке айналдыруға болмайды. Кәсіпке айналдырса, жазушы өледі. Демек, мұны кәсіпке айналдырмай, жазбауға болмайтын кезде ғана жазатын қастерлі өнерге айналдыру қажет. Әйтпесе әдебиет те былғанады. Жазушы да талантты жазушы болудан қалады.
КЕЙДЕ… КЕҢЕСТІК КЕЗДІ САҒЫНАСЫҢ
– Жазушылар Одағында 700–ден астам мүше бар. Көбі бұрынғы Кеңес кезінде қалам ұстағандар. Ал қазір солардың көбінің есімін ел білмейді.
– Шыны керек, тәуелсіздік алғаннан кейін, жазушыға қаламақы төленбейтін болған кезде «ә, енді жақсы болды, әдебиетте нағыз жазушылар ғана қалатын болды» деп қуанғанбыз. Енді кім болса сол тегін жаза бермейтін шығар деп сенген едік. Сөйтсек, қателескен екенбіз. Қайта қазір кім көрінген жазушы болып кетті. «Ерінбеген етікші болар» дегендей, замандастарымыздың көбі зейнеткерлікке шығып алғаннан кейін өлең жазып, проза жазып, кітап шығаруды ермекке айналдырып алды. Ол кітаптардың көбі өз әулетінде болмаса оқылмайды. Қолына түскен күнде де санасына сәуле беріп, ой салатын бірдеме болмағаннан кейін оның авторын есіне сақтамайды. Сондықтан да, Одақтағы жазушылардың бәрін ел танымайды. Осы 700 жазушының көп болса жиырмасын ғана халық жазушы деп біледі.
– Сіз өзіңіз, мысалы, сол одақтастарыңыздың қаншасын танисыз?
– Өзім көбін алпысқа, жетпіске, сексенге келіп, мерейтойын өткізіп жатқанда бір-ақ білемін. Немесе қайтыс болып, жерлеуге шақырған кезде ғана есімін естіп жатамын. Ал бұрын мықты қаламгерлерді бір-екі өлеңі шығысымен-ақ танып алатынбыз.
– Жаңа «қаламақы берілмейтін болғанын естігенімізде бір жағынан қуанған едік» деп отырсыз. Сіз секілді жазушы ретінде әбден қалыптасып болған, танылған қаламгерге сонда қаламақы керек емес пе?