ит жеп, ит жегенінен қалғаны шіріп жатысы анау. Осылар келеді, осылар жейді, осылар рахатын көреді деп көктемнің көк өзегінде бүгілген белді бір жазбай ертеден қара кешке дейін төккен терімнің бекер болғаны ма? Келеді деп күнде тосамыз, дарбазаны жел сықырлатса да сендердің біреулерің екен деп елең ете түсеміз… Әрқайсысы әр жақта, сонда жұрттан асып, ел сұрап бара жатқандары да шамалы. Бірі Шымкентте, бірдеңе деген зауытта, бірі Сайрамда, қыз болса Ордабасыда, ал Есіркеп Арыста. Ай, осы Есіркеп адам болса да әупірім тәңіріммен әрең адам болды-ау. Бешірни оқып он класс бітіремін деп жүрісі анау. Ол иттің күшігіне «оқы, оқы» деп құдайдың зарын қылып ем, тыңдамады. Текнікүмге түсем деп қағаздарын алып, Шымкент тақиясына тар келгендей Алматы асып кетті. О жақ мұны қайтсін. «Әйда, жөндеп оқып кел» деп қайтарды да жіберді. Көңкүрс дей ме, бірдеңесінен өте алмадым деп жуып-шаяды тағы да. Енді әні, екі-үш жыл селтеңдеп жүріп-жүріп, ауылда төрт дөңгелек құрып қалғандай Арыста мәшине айдап жүр. Үлгіре алмай қалатындай үйленіп алғанын қайтерсің, о әжине! Енді кеп, келін екеуі қабаттасып он класс тауыспақ. Күндіз дарымаған оқу түнде дариды деп жүр ме екен түге? Ал, ана қаршадай баланың тірі жетім боп жүрісі анау, әрбір қолы бос кемпірдің босағасын сағалап. О, Алла, өстіп те бала өсірмек пе олар. Алып кетем десең қимайды тағы. Ойбай, нақұрыстар-ау, сегіз ай толмаған баланың қарны ашпай ма, жаялығы былғанбай ма, жылай-жылай ішегі қатпай ма, қанша айтқанмен біреудің аты біреу ғой. Өздерінің қайтіп өскендерін ойласа қайтеді, осы күйі аспаннан салбырап түсе қалдық деп жүр ме екен?» Арысқа түс ауа жетті. Күн жексенбі еді. Балалары үйде екен. Есік алдына тоқтаған арбаны көріп, Есіркеп майкасымен далаға жүгіре шықты. — Зеркүл, көкем келді, көкем! — деп айғайлап жіберді де әкесін құшақтай алды. — Аулақ, — деп Шөмішбай баласының қолын сілкіп тастады. — Немене, жас бала құсап. Әлі есің кірмеген бе? — Кө… көке-ау, не болды?.. — Не болғанын қайтесің. Сендер жатыңдар, қаннен-қаперсіз, мен жүрейін шілденің күнінде шырылдап. Бар, анау арбаны шығарып, есекті көлеңкеге байла да, үстіндегілерін түсіріп ал. Есіркеп тілге келмей лып беріп далаға шығып кетті. Әкесінің ашулы екенін түсіне қойды. Осы кезде іштен келіні де шығып, атасының жүзіне қарай алмай күлімсіреп, ұяла сәлем берді. — Бәрекелді, өмірлі бол, балам. Ана немелерің қайда? — Үйде. Ұйықтап жатыр. — Бесікте ме, жерде ме? — Жо-жоқ, — деді келіні күлімсіреп. — бесік қайдан болсын, «детский кровать» сатып алғанбыз, сонда жатыр. — Імм. Бесік неге алмайсыңдар? Келіні сөз таппағандай мүдіріп қалды да: — Ата, үйге кірсеңізші, — деді. — Кірем,