кірем. Енді даладан қайтады ғой деп пе едіңдер. Шөмішбай қарт етігін дәлізге шешіп тастап, Есіркептің жеңіл тапочкасын аяғына сұға салды да, ішке енді. Төрдегі салулы көрпеге жантая бергенде Есіркеп те кіріп келді. — Көке, сіз демала беріңіз, біз тамақ дайындап жіберейік. — Қазан-аяқта сенің жұмысың қанша, отыр шошаңдамай былай. Әңгіме айтпай ма екен адам деген. Есіркеп «болмас» дегендей бір күлімсіреп, әкесінің қасына отырды. — Еттерің бар ма еді үйде? Әлде, ас-қатықсыз отырсыңдар ма? — Бар… бар ғой. Зеркүддің танысы ет комбинатта істейді, содан ап тұрамыз. — Еһе, — деді әкесі мырс етіп, — сүйтеміз де. Жөн-жөн. Үшеуіңе деп бір тоқты байлап отыр едім… — Үйтіп әбіржіп қайтесіз, — деп баласы әкесінің сөзін бөліп жіберді, — онан да екеуіңізге жарата беріңіздер, біз өз күнімізді өзіміз көреміз ғой. «О, кеще, — деді ішінен Шөмішбай. — Кеще болмасаң осылай дер ме едің. «Өз күнімізді өзіміз көреміз ғой!» Мен сонда кім үшін тырбанып жүрмін? Жинаған дүниенің рахатын сендер көрмесеңдер, о дүниеге өзіммен бірге ала кетемін бе?! Мына малғұнның сөзін қарашы-ай бұл, о-о, әжине! Көсіліп жатсаң сирағың сыртқа шығатын құрқылтайдың ұясындай тамда отырып өз күндерін өздері көргіш-ақ. Қартайғанда оқып ояз боламын деп жүр ме екен, одан да жұрт қатарлы баспана салып алмай ма түге, ауылдағы жесір кемпірдің Тұңғышбай тентегі құрлы жоқ па? Ертең күн суытса ана баланы ауыртып өлтіреді бұлар, айтпады деме. Е-е, бірақ бұл немелер жаз өтіп, қыс келерін ойлады дейсің бе, әлеулаймен жүре береміз деп отыр ғой өстіп». — Қыста қайтесіңдер, осы тамда отыра бермексіңдер ме? — Білмеймін. Баздың директоры екі бөлмелі үй салып беремін деп жүр ғой. — Ал, ана баланы қайтпексіңдер? Өстіп, көрінген үйге тастап кете бермексіңдер ме? — Жоқ,ә. Келесі жетіде бала бақшаға орналастырамыз… — Не дейді?! Шөмішбайдың қолынан кесесі түсіп кетті. Үшеуі де үнсіз. Дастарқан үстіне төгілген күрең шай «сай-сайды» қуалай ағып, төменде отырған Есіркептің алдындағы бір үзім нанға жетті де, үйіріліп тоқтады. Маналы бері дастарқанды торуылдап жүрген үш-төрт қара шыбынның бірі Шөмішбайдың алдындағы төгілген шайға тұмсығын тигізіп сәл кідірді де, атқұмырсқадай жорғалап саусағына өрмеледі, одан да көңілі толмаған соң бір ұшы тістелген қантқа қонып, іздегенін енді тапқандай қадала қалды. Әлгі бір әңгіме кезінде мүлде естілмеген кішкене ақ самаурынның гүжілі күшейе түсіпті. Шөмішбай қарт орнынан тұрып, аспан айналып жерге түссе де тастамайтын тер сіңген күпәйкесін киді. Қалтасынан шақшасын алып, көк насыбайдың бір шымшымын тілінің астына ызалана тастап жіберді де ауызғы үйге шықты. Терісіне сыймай барады. Әкесінің шынымен кетуге жиналғанын сезген Есіркеп қалбалақтай шығып, оны тоқтатпақ ниетімен «көке» деп жасқана