үн қатып көріп еді, «өшір үніңді!» деп Шөмекең ақырып қалды. Есіркеп әкесін тоқтатар ешқандай күш жоқ екенін білді. Ұзақ жолдан шаршап келіп, көлеңкеге жеттім бе, жетпедім бе деп құлағын салбыратып енді ғана мүлги бастаған көк есек иесінің «ықы, арам қатқыр» деген оқыс үнінен елең етіп, басын көтеріп алды. Денесін балбыратқан рахат бір тыныштық лезде ғайып болып, қас пен көздің арасында басына ноқта, мойнына қамыт түсіп, келесі бір сәтте өзіне әбден таныс болған, өзін әбден ығыр етіп, зықын шығарған шиқылдақ арбаны ыстық күнде еріне сүйретіп, қала сыртына қарай қиыршық жолмен аяңдап бара жатты. Үйге екіндіде жетті. Дарбазаны ашып ішке кіре бергенде үш немересі мен кемпірі алдынан жүгіре шықты. — Әй, тез қайтып қапсың ғой шал-ау. Күн салқындағанда шықсаң қайтетін еді, ана бала ыстықтан өлімші болды ғой. — Жоғал әрман ербеңдемей. Балажанын қарай гөр мұның! — Бірдеңенің салқыны тиген бе өзіңе. Тоқтат арбаңды. Баланы қаппен жауып қойған ба ей, мынау! Кемпірі арба үстіндегі қапшықтарды қолымен басып қалғанда есегіне деп ала шыққанмен желінбей қайтып келген бір бау жоңышқаны ұстай алып, ыршып түсті. — Көтек, мынаусы несі құдай-ау, Қуатжан қайда? — Қуатжан, Қуатжан! «Жан» деп қапты ғой маған барып. Қайда болушы еді, қалды сонда. Сені мен мені адам деп жүр дейсің бе олар! Самаурыныңа от сал, таңдайым кеуіп келді. — Ата, маған палавоз әкелдің бе? — деді үлкен ұлының баласы мұрнын тартып қойып. — Қайдағы паравоз саған! Өзім паравоз боп әрең жеттім. Сүрт ана мұрныңды, өй, әкесі оңбаған ынжық неме? Шөмішбайдың ашулы екенін біліп, кемпірі де, немерелері де жым болды. «Шіркіндер-ай, шынымен бермей қалғандары ма балаларын, — деді Салиха іштей самаурынға от жағып жүріп, — әлде мына шал «үйтпейсіңдер, бүйтпейсіңдер» деп таптай берген соң келін бірдеңе деп қалды ма екен? Есіркепжанның бөтен мінезі жоқ сияқты еді ғой. Қарғадай баланы анда-мұнда сүйрелеп жүріп ауруға шалдықтырады-ау… Үйбай, жамандар-ай, өздері келмек түгілі, бір жапырақ жаман немелеріне зар қылды-ау». Салиханың көзіне жас мөлтілдеп шыға келді де, онысын байқатпауға тырысып онсыз да жанып келе жатқан самаурынды үргілей берді. Олар шай үстінде де тырс етіп сөйлескен жоқ. Күн батып, саңы сөне бастағанда-ақ бәрі төсек салып жатып қалды. Күндегідей далаға емес, үйге жатты. Кемпірі де, шалы да ұйқысыз. — Балалар ұйықтап қалды ма? — деді әлден соң Шөмішбай. — Иә. — Иттің күшіктерін ертең үйді-үйіне апарып тастаймын. Барсын. Керегі болса неғыл деген екенсің солардың. Отырайық сонсоң қу бас боп. Қарай гөр бұларды, о, әжине, мұрнының боғын сүрте алмай жүріп… — Не болды, шал-ау, айтсаңшы жөндеп. Саған бірдеңе деді ме олар? —