Есіркеп қос ауызды төрге апарып іліп қойды. — Ал мен қайтайын енді. Азанда ерте тұрып Байырқұмға жүремін. — Құлыным-ау… тым болмаса бір күн жатып кетсеңші, тірлік деген бітеді дейсің бе әдіре қалғыр. — Болмайды апа. Өкіметтің жұмысы ғой. Ұят болады.. — Міне, өстеді, өстеді бұлар. Бүйтіп келгенше келмей-ақ қойсаңдар етті. Не тойған емес, не қойған емес. Бағана бір кемпірқауын әкеп қойып ем, соны өз қолыңмен жарып жеп кетші. — Одан да ала кетейін апа. Мен Арысқа жеткенше таң сыз беріп те қалар. Тағы келемін ғой. Бүрсігүні осы колхозға жәрдемшілер әкелемін. Сонда бір күн жатып, пәйкел аралап, қалаған қауынымды өзім алып жеймін. Нұраш, Тұраш, Әппақтар ұйықтап жатыр екен ғой, ояна қоймайды-ау бұзықтар… Есіркеп монтиып-монтиып ұйықтап жатқан үшеуінің бетінен кезек-кезек сүйді. «Ойбай жаман, — деді ішінен Шөмішбай, — саған бауыр не керек екен десеңші». Есіркеп соңынан әке-шешесін тізілтіп, кемпірқауынды қолтықтап сыртқа шықты. Сабырлы қалпынан тая қоймаған Шөмішбай галошын сүйретіп босағаны соң аттады. Есіркеп машинасына от алдырып болған соң: — Қуатты бүрсігүні келгенімде ала келем, — деді екеуіне бірдей қарап. — Мүмкін, Зеркүл де бірге келіп, екі-үш күн жатып кетер. — Неғыл дейді, Қуатжанды ма, — деді екеуі де қосарланып. — Иә-иә. — Кабинаның есігі сарт жабылып машина орнынан қозғала берді. — Мынау жынды ма-ей, не деп кетті өзі. Құлыным-ау, күн ыстықта шықпаңдар, күн ыстықта. Кешкі салқынмен шығыңдар, — деп айғайлады Салиха. — Мақұл апа, мақұл! Екеуі қақпа аузында машинаның қызыл жарығы көрінбей кеткенше қарап тұрды. — Күнім-ай, әшейін. Бір кесе айран да ішпеді-ау! Сен шал бүлдіріп келгенсің ғой, баланы түн ішінде әбігерге салып. Ертең ертемен сонау Байырқұмға жүреді екен тағы. Е, құдай, өзің жар бола көр әйтеуір. Жол-жөнекей бірдеңеге ұрынып қалмаса жарар еді. — Өшір үніңді, — деді Шөмішбай үйге қарай қозғала беріп. — Жақсы сөз – жарым ырыс, сұңқылдап қайдағыны айтып тұрғанын қарашы. Одан да, ана бесікті дайындап қой, келіп қалған кезде шала бүлінбексің бе тағы. — Иә-иә, сөйтейін, сөйтейін. Сәлден соң таң да атады. Бүгінгі ұйқы бәрібір ұйқы болмас. Сол түнді екеуі де ұйқысыз өткізді.