ондай рай байқала қоймады. Әрі-беріден соң келіншегі жайлы ойламайтын да сияқты. Жұмысына барады, келеді. Әке-шешесімен жылы жарқын сөйлеседі. Бәлкім ішкі дүниесіндегі аласапыранды ата-анасына байқатпай жүрген болар. …Ай арқалыққа ауып бара жатыр. Үй-іші күңгірт тартқан. Қарекең кемпіріне көз тастады. Ол дәл баяғысынша қимылсыз жатыр. Әлден соң ауыр ойдан бір серпіліп, орнынан тұрды да, есік жаққа беттеді. Шегеде ілулі тұрған жеңіл-желпі киімдерін сұғына-сұғына салып сыртқа шықты. «Әлгінде Ерғабыл далаға шыққан жоқ па еді, қайтып кіріп кеткен бе? Оны қалай байқамадым екен?» Қарекең сарайға кіріп, ер-тоқымын алып шықты да ат қораның есігін ашты. Тор қасқа шарбақ есіктің оқыс ашылғанына осқырына бір қарап, келе жатқан адамның өз иесі екенін таныған соң оқыранып қойды. Қарекең атты ерттеп мініп, далаға шықты. Ауыл түгел ұйқыда. Маңайда мүлгіген тыныштық. Лып еткен жел жоқ. Тек арықтың ар жағында шашақ атқан жүгерілердің ғана сыбыр-сыбыр еткендері естіледі. Ол арықтағы жайпауыттан кешіп өтті де, жүгері арасындағы жалғыз аяқ жол арқылы жапырақтарды сатырлата құдасының аулына бет түзеді. Жол-жөнекей Қарекең Молдабайды еске алды. Сол сәтте оның еті қашқан әжімді жүзі бүлк-бүлк етіп, үшкір сақалы шошаңдап кетті. «Енді не деймін оған, бетін қалай көрмекпін оның. О шіркін-ай, қандай асыл адам еді, қандай жақын болып кетіп едік. Арамыздан қыл өтпестей тату едік. Жекжат емес, бірге туған ағайындай едік қой. Опырым-ау, кеше ғана екеуміз әңгімелесіп, келесі көктемнен бастап аманшылық болса бір жерден там салайық деп келіскен жоқ па едік. Енді соның бәрі қайда қалды? Ақымақтар-ай, тентектер-ай, сендер екенсіңдер ғой бәріне де дәнекер болып жүрген. Біздің қуанышымыздың, достығымыздың ұйтқысы да сендерсіңдер-ау. Апыр-ау, күн жетпегендей жынды адам секілді түнде шыққаным қалай бұл, — деді ол тағы да. — Молдабай ұйықтап жатқан шығар, енді түн ішінде оны не деп оятамын. Бәрінен бұрын не деймін, не айтамын оның алдында? Мына ақымақтың ақымақтығын не деп жуып-шаймақпын?!» Қарекең осындай ой шумағына шырматылып, құдасының аулына қарай келіп қалғанын да аңғармады. Және бұл сұрақтың бір де біріне жауап әзірлеген жоқ. Ол өзіне таныс қорғанның алдына келіп түсті де дарбаза ағашына ат шылбырын байлай салып, қақпа есігін сықырлата жаймен ғана итерді. Үйде шам жанып тұр. Олар ұйықтамаған ба? Іштен күңгір-күңгір сейлескен кісі дауысы естіледі. Тап осы сәтте қақпа есігі сарт етіп жабылып Қарекең жалт қарады. — Бұ қайсың бұл? — деді шығып келе жатқан адам үстіндегі бешпетін жоғары бір сілкіп қойып. Қарекең дауысты тани кетті. — Молде-еке, — деді ол біршама таңданған үнмен оған қарсы жүріп. — Бұл сіз бе? — Иә, мен. Өзіңіз қайдан жүрсіз жеті түнде? — Ауылдан. Сізбен сөйлескелі келдім. Екі шал қол