алысып амандасты. Молдабай бұрынғыдай «үйге кір» деп елпектеген жоқ. Бұл неге өйтпейді деп Қарекең де ойламады. Екі құда ай астында қатарласа үнсіз жүріп келеді. Өзен жақтан ескен жел жүгері мен жусанның бірде жұпар, бірде кермек иісін әкеледі. Олар ауыл маңындағы бір төбенің басына кеп отырды. — Құдағи қуатты ма? — деді Молдабай жайғасып отырған соң. — Қуатты ғой, — деп жауап берді Қарекең селқос қана, көңілінде бұдан да маңыздырақ мәселе жатқанын аңғартып. — Қуатты ғой, — деді тағы да, даусын көтере сөйлеп. —Ауыл арасы таяқ тастам жер болса да, мына тентектердің тентектігі тұсау болып келе алмай жатырмыз, құде-еке. Екі ай бойы ат ізін салмай кетті деп маған ренжіп жүрген де шығарсыз. Оның да жөні бар. Қайт дейсіз, өзіңізге келіп көрінуге беттегі күйеден көз ұялады. Келмейін деп жүрмін бе? Бұрынғыдай өзіңізбен әңгімелесіп, ішкі шерді ақтарып қайтуға асықтым да, аңсадым. Бірақ анау тентектер жағынан бір жылы хабар болып қалар, құданың аулына сонда соғармын деп іштей тынып жүр едім. Ондай хабар байқалатын емес. Онан соң шыдамым таусылып, түнделетіп осында жеттім. Неге келгенімді, не айтарымды да білмеймін. Әлде кеңес сұрағалы келдім бе? Қарекең амандық-саулық айтып, орағытып отыруға төзімі жетпей, еңсесін басқан ауыр ойын осылайша ақтарып салды да, жауап күткендей үнсіз қалды. Молдабай көпке дейін ләм деген жоқ. Салалы саусақтары көк шөпті сырт-сырт жұлады. Осы үнсіздіктің ар жағында қандай сезім, қандай толғаныс жатқанын Қарекең айтпай-ақ сезініп отыр. «Оңай дейсің бе оған, — деді ол іштей. — Бір кезде алақанына салып аялап отырған қарқаралы қызы айы-күні жетіп төркініне келіп отыр, міне. Ауыл-аймақ, ел-жұрт не демей жатыр дейсің. Көп жүрген жерде күңкіл сөз болмай тұрмайды. Бұрын басқа бір ауылдың адамдары Нәзираны айттыра келгенде, Молдабай: «Мен қызыма пәлен деп қолқа сала алмаймын. Барлық билік өзінде. Қалау соныкі. Көнбегенде елің жаман, жұртың жаман, я болмаса ұлың жаман деп көнбей отырған жоқпын. Осыны естен шығармаңдар» — деп, келген үш дүркін қонақты сыпайы шығарып салған. Сол уақиғаның куәсі болған біраз топ: «Әні, қызың нағыз теңін енді тапты. «Ішімді көр» дегендей, қайтып кеп төріңде отыр. Қыздай жігітке айттыра келгенде ат-тоныңды ала қашып ең, келешекте осыны көруге асыққан екенсің ғой» — деп миықтарынан күліп жүрмесіне кім кепіл? Еһе, бұл жалғанда әке үшін бұдан асқан азап, бұдан асқан қорлық бар ма, сірә. Беу әкелер-ай, соның бәрін үнсіз арқалап, ішінде дүлей арпалыс жатса да онынды сездірмеуге тырысасың-ау!» Молдабай әлден соң басын көтеріп алып, малдас құрып отырды. Қолындағы көк шөпті умаждап-умаждап тастай салды да, бойын тік көтеріп, терең бір күрсінді. Батып бара жатқан айға қарап тұрып: