ШАЛДАР

— Балаңмен сөйлестің бе? — деді нығара сейлеп. — Жоқ, — деді Қарекең ақырын ғана. Молдабай «і-і» деп бір ыңыранды да, сол бойы үнсіз қалды. «Қо-ош, — деді әлден соң ол тағы да. — Мен не деп кеңес айтайын, Қареке. Екеуміз кеңесіп шешетін нәрсе болмағандықтан ойым онға, ақылым алтыға бөлініп, пәлен етейік деп айта алмай отырмын. Қайтеміз, нәсіп шығар. Менің саған өкпем жоқ. Келіп тұр, құдалықтан ажырассақ та тату көңіл суымасын. Шығарып салма сөзім емес, ақ шыным бұл. Ал, ана немелердің жұлдызы қайта қосылатын болса, онда кәрі әке өле-өлгенше армансыз болар еді. Осы кезде алыстағы үйдің есігі ашылып іштегі шам жарығымен әлдеқалай бір әйелдің есік тұтқасынан ұстап, делдиіп тұрғаны көрінді. Молдабай әлдене күткендей солай қарай еңсесін көтеріп қадала қалды. — Қайнаға-ау, қайнаға, — деп айғай салды әлгі әйел. — Уа, не мен мұндамын, — деп Молдабай орнынан ұшып тұрып, солай қарай жүрді. Қасындағы Қарекеңді ұмытып кеткен секілді. — Қайнаға, сүйінші, сүйінші. Немерелі болдыңыз, ұл, ұл! — деп оның алдынан ентіге шықты. — О жасаған, шүкір, шүкір мұныңа. Қатшайым, сүйіншіңе ана көгендегі бір тоқтыны ал, ол аз болса өзіңе тағы бір көйлек… Қарекең сол орнында қимылсыз қатты да қалды. «Қайнаға немерелі болдыңыз» — дегенді естіген кезде, оның буын-буыны қалтырап, денесінен дәрмен кете бастады. «Немере дейді! Құдай-ау немере дейді. Келінжан босанған ба? О тоба, о жасаған!» Оның кезерген еріндері осы сөздерді тынымсыз қайталай берді. Содан соң есін жиып айналасына қарады. Қыбыр еткен жан жоқ. Молдабай да ішке кіріп кетіпті. Өзі келгенде оның далада жүрген себебін енді аңғарды. Ол екі аяғына бір-бір батпан тас байлағандай алға қарай ақырын қозғалды. Сол бойы қақпа алдына кеп тоқтады. Ашық қалған есіктен қуанышты адамдардың дабұр-дұбыр сөйлескен үндері естілді. Қарекең қақпаға сүйеніп тұрып ішке езіле, ентіге қарады. Осы сәтте іштен шыр етіп жылаған жас нәрестенің даусы естілді. Қарекең басын көтеріп алып, қақпаның кедір-бұдыр тақтайларын сипалай берді. «Айналдым-ау, айналдым-ау үніңнен! Немере! Менің немерем, Қаражанның немересі. О құда.. Айналдым-ау үніңнен!» Қарекең кейін шегініп, дірілдеген қолымен атының шылбырын шешті. Өзін әлдекім қуып келе жатқандай ер үстіне жас жігітше қарғып мініп, аулына қарай шаба жөнелді. «Тентектер-ай, әлде ғана тентектер-ай! Ездіңдер-ау, жаншыдыңдар-ау мына кеудені. Қой үстіне бозторғай, жұмыртқалайтын заманда… Қап, ақымақтар-ай!..» Ол үйіне тез жетуге асығып, атына қамшыны баса түсті.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13