тозып қалады», — деп жауап беретін. Сонан соң үйге кіріп бір пиялай айранды нансыз сіміре салатын да әлгі матасекілін тырылдатып бір жаққа ғайып болады. Қайда баратынын айтып кетсе айналайын дейсің ғой, ләм демейді. Кейде сол кеткеннен мол кетіп, екі-үш күн бойы зым-зия хабарсыз кететінін қайтерсің. Үйдегі ата-анасы түнемеге кірпік қақпай таң атқанша дыр еткен дыбысқа құлақ түріп жатқаны сол. «Ойпыр-май, мына баласы түспегір аман боса болғаны. Ана қу темірді қайдан сатып ала қойып еді. Бір пәлеге ұшырады-ау сол!» — деп Қарекең мен Бибінұр шешей қарап жатып қайғы жұтады. Өстіп, далаға қайта-қайта тың тыңдап, балаларынан еш дыбыс ести алмай тып-тыныш жатқан бір шақта есік алдына мотоцикл дүр-дүр етіп кеп тоқтай қалады. Екі қария қуаныштан жүректері жарыла жаздап есікке жарыса ұмтылады. Қартайғанда ата-ана перзентінің алдында бала болады екен-ау! «Ой айналып кетейін сенен! Матасекіліңнен де айналдым-ау. Дүр етіп жетіп келді әні, о шүкірім» — дейді екеуі. Осы жұмыр жер бертінде тек Қарекеңнің ғана баласы осылайша ерекше жаратылған ба, әлде, барлық әке мен баланың арасында болмай қоймайтын заңды алшақтық па, Ерғабыл даладан келгенде кәрі адамның жанын жадыратып, айызы мен мейірін қандырып, ашық-жарқын бір сөйлемейді. Сұрақ қойса ғана қысқаша жауап береді де, өз бетінше бір нәрсемен айналысып тұрғаны, тіпті ештеңе таба алмаса адам түсініп болмайтын қайдағы бір жоқ өлеңді ыңылдап айтып отырады. Мұндағы ата-аналар өзінен жарқын бір сөз естуге ынтық болып, онсыз өткен екі-үш күндері жылға теңеліп кеткенін, ай тентек-ай, бір түсінсейші, ой жіберсейші соған бір. Осындай кездерде Қарекең жарыла жаздайды. Ақыры шыдай алмай: «Ау, айтсаңшы күмілжімей, қайда болдың, не іс істедің? Біз бөтенбіз бе осы саған? Үйде бармыз ба, жоқпыз ба, онымен ісің болмайды ғой жүдә, а. Құдай біледі, кіріп келгенде біз өліп жатсақ «о, өліп қапты ғой мына байғұстар» дейсің де қоярсың. Ұнжырғасы түседі де жүреді», — деп ұрысып кеп алады баяғы. Бірақ, Ерғабыл: «Не айтамын. Тоқтарбектің үйінде болдым. Жатып кет, жатып кет деп жалынған соң бір-екі күн түнедім…» — деп сөзінің соңын жұтып қояды. Міне, бүгін де тап солай беймезгіл уақытта кіріп келді. Үстінен сәләркенің иісі аңқып тұр. Түнімен диірмен тартып шыққандай, киімдері аппақ шаң. — Көке, әлі ұйықтамағансыңдар ма? — деді ол кіре бере. Ата-ана ашу атаулыны біржолата ұмытып, ұлын жас баладай қарсы алып шешіндіреді, жуындырады. Тамақ береді. Ерғабыл осы кісілердің көңілі қалмасын дей ме, алдына қойған тамақтан аз ғана ауыз тиіп жататын бөлмесіне кіріп кетеді. Екі күні екі жыл боп күткен ата-ана жүрегіндегі сағыныш бәсеңсу былай тұрсын, баласына көз тоқтатып қарай да алмай өкініп қала береді. Қоңыр күз келіп, жауын-шашынды