сіліңгір күн басталды. Ерғабыл жерге көң себетін жұмысышылардың бригадирі болып бекіді. Соңғы кезде ол жұмыстан келген соң бұрынғыдай тасыр-тұсыр ете бермей жақсылап жуынып, шашын майлап, галстугін тағып, мотоциклімен күнде бір жаққа ғайып болады. Қыс түсті. Бір күні Қарекең қорадағы уақ малға шөп шашып жүргенде, әлгі айтып жүрген ұзын бойлы, ашаң келген Тоқтарбек, үйдің қасындағы Ергешбай және өзінің ұлы Ерғабыл үшеуі үш мотоциклмен арылдатып кеп есік алдына тоқтады. Ана екеуі «аттарынан» түсіп, Қарекеңе ізет сақтап сыпайы ғана қол беріп амандасты. Ерғабыл болса, анадай жерде оқшау тұр. — Молда болыңдар, — деді Қарекең сақалын сипап. — Әй, Ерғабыл, нағып тұрсың ербиіп, үйге кіргіз мына балаларды. Ойпырмай, осындай қақаған қыста матасекіл мініп жау қуды ма сендерді түге, жаз бойы дырылдатқандарың аз болды ма? Иә, Тоқтарбек, әке-шешең қуатты ма? — Шүкір, — деді ол үлкен адамдарша байыпты болуға тырысып. Сәлем айтып жатыр. — Е, сен осында келетініңді айтып шығып па едің? — Иә. Осы үшеуміз де біздің үйден шықтық. — Нағыл дейді! Әй, тентек-ау, — деді Қарекең ұлына қарап. — Сенің үйде жүргенің жаңа ғана емес пе еді? Астапыралла, жын ба, пері ме? Сендерді түсініп болмас сірә. Қой, үйге кіріңдер, жаурап, көгеріп кетіпсіңдер ғой. Үстеріндегі киімдерін қара, тоба-ай! Бір-бір жапырақ жұп-жұқа шүберекті іліп апты. Үйге кіріп, тамақ желініп болған соң Тоқтарбек Ерғабылға көз тастады да, тамағын кенеп, ұшатын құстай қомданып қойды. Досының бұл қимылын жүрек лүпілімен күтіп отырған Ерғабыл орнынан тұрып, өз бөлмесіне кетіп қалды. Қареке, — деді бір кезде Тоқтарбек шай ішуге дастарқан жайылған соң. — Біз… үлкен бір шаруамен келіп едік. –Е-е, қо-ош, — деді Қарекең елең ете түсіп. — Иә. Тоқтарбек өзін қарияларша ұстап, сабырлы, байыпты болуға қанша тырысса да, жеме-жемге таянғанда абдырап, үні біте берді. Сонан соң қайта-қайта тамағын кенеп сөз бастады. — Імм… ол себебіміз, Қарекесі мынау еді. Биыл көктемде, аманат-жан аман болса, Ерғабылыңыз жиырма екіге толады екен. — Иә, иә, дұрыс балам, — деді Қарекең Тоқтарбектің ескілікті шалдарша сөйлеп отырғанын, бірақ, онысы өзіне тіпті үйлеспей түрғанына аздап езу тартып. — Ер-азамат үшін бұл аз жас емес, — деп жалғастырды Тоқтарбек сөзін. — Біздің бабаларымыз он бес жасында отау иесі болған екен, ал Ерғабыл үш жылы кем екі мүшелге кепті. «Е-е, — деді Қарекең ішінен. — Түсінікті, түсінікті, үйлендірейік демексің ғой. Нұр жаусын тілегіңе, нұр жаусын балам». Бұл игі ниет Қарекеңнің ойында көптен жүр еді, бірақ онысын ұлына айтуға батылы бармай келген-ді. Енді Тоқтарбектің аузынан мынадай жылы лебізді естіген кезде, қуаныштан көзі күлімсіреп, бурыл сақалын сипалай берді. Сөз соңын