іштей шыдамсыздана күтті. — Ерғабыл Надяны сүйеді, — деп бір кезде Тоқтарбек түйеден түскендей дүңк еткізіп қойып қалды. — Ол да. Екеуінің жүргеніне жарым жылдай болды. — Не дейді! — деді Қарекең шошып кетіп, — Надясы несі тағы?! «Қап бүлдірді-ау, — деп күйінді қатар отырған Ергешбай ішінен. — Бағаналы бері сылап-сипап келіп, аяқ жағын атала қылып жібергенін қарашы. «Надя» деп несі бар мұның!» — Надя деген Нәзира дегені ғой ата. Біз еркелетіп осылай айтамыз, — деп шыдай алмаған Ергешбай сөзге араласып. Қарекең «уф?» деп демін терең бір алды да, ауыр күрсінді. Сонан соң «і-і, айта бер» дегендей Тоқтарбекке қарап қойды. — Сол, Қареке, сіз келісім берсеңіз болды. Тойды жасап жібереміз. Келініңіз тура ертең үйде болады. Келісесіз ғой? Қарекең ұзақ ойланды. «Ойпырмай, міне, бұл күндегі жастардың тірлігі осы, апай-топай, — деді ішінен. —Ерғабыл бағана ғана осында жүр еді, Тоқтарбектің ауылына барып кеп қапты. Бұлардың барлық тірлігі осы міні. Қарашы, «ертең келін түседі» деп аузымен үй көшіріп, үй қондырып отырғанын. Не айтарсың бұларға. Әлгі Бибінұр қайда жүр?» Қарекеңнің өзі діттеп жүрген көрші ауылда бір қыз бар болатын. Оның әкесімен де әмпей-жәмпей еді. «Құдай қос көрсе, жекжат боламыз түбі» деп ішіне түйіп жүрген. Сырт естуінше де, өзі көруінше де Қарекең қыздың сын-сымбаты мен мінез-құлқын өте ұнататын. Міне, енді кенет ол ойының бәрінің іргесі қозғалып, шаңырағы ортасына түскелі тұр. — Қыздың әке-шешесі бар ма? — деді әлден соң ол қоңыр шайды ұрттай түсіп. — Бар. Сіңлісі де бар. Біздің үйдің қасында тұрады. — Імм. Олардың не дейтінін білесіңдер ме? — Е, олар не десін! Надя, а, Нәзира Ерғабылды сүйеді, оған кім қарсы тұра алады. «Сүйеді. Кім қарсы тұра алады!» — Сөздерін көрдің бе, — деді Қарекең іштей. — Түйеден түскендей-ау, түйеден. Әке-шеше деген бұларға нақа бір қолдағы кесе секілді. Олар бұларды жаман болсын дей ме екен сірә?.. Сөйтіп, арада бір апта өткен соң, Ерғабылдың үйлену тойы болды. Бұл қуанышына Қарекең көрші ауылдағы түбі жекжат болармын деп жауап түйген үзеңгі досы Шерәліні де шақырды. Бірақ, ол жіберген шақыру қағазын нақ той болатын күні бара алмаймын деп қайтарыпты. Сонда ғана барып Қарекең Шерәлінің де өзімен жекжат болармын деп үміттеніп жүргендігін, енді келіп тойға шақыртқан қағаз оған шаншудай қадалғанын түсінді. «Қайтеміз енді, — деді ол кемпіріне. — Бала үшін ежелгі достармен ренжісуімізге де тура келер!» Той-томалақ тарқаған соң Қарекең қасына ауыл шалдарынан екі-үшеуін ертіп алып, көрші колхоздағы құдасының үйіне тартты. Қыздың әке-шешесі Нәзираның күйеуге тиетіндігінен бейхабар еді. Тіпті ол Ерғабылмен кететін күні кешке жайбарақат сіңлісіне көйлек пішіп