ШАЛДАР

дейін қонақтар тізіліп отырды. Төрге өрмелеген сайын кісілердің жас жағы да өсе түскен. Шалдар жағы кезек-кезек, өткен-кеткенді әңгімелеп, гу-гу күліп қояды. Ал, төменгі жақта шай құйып, кесе ұзатып отырған орта буынның адамдары анда-санда «япырмай, міне, пәленше-екем оңай емес біздің» деп әңгімешіге дем беріп жатыр. «Жылқы мен жылқы кісінескенше, адам мен адам сөйлескенше» деген осы ғой. Шалдар жиналып, әзіл-оспақ араласқан соң Қарекең өзін алғаш кіріп келгендей емес еркін, кең ұстады. Құдасы да жаман кісі көрінбейді. Болса да келгелі бері бақылап отыр. Әңгімесі дәмді екен. Тыңдаушысын тамсандырып, айызын қандырып тастайды. «Әлбетте, әлбетте, — деді Қарекең өзіне-өзі. — Қыз ашуы оңай дейсің бе? Соның орнында мен болсам қайтер едім? Алғашында солғын болса, кеудесін ашу кернеген шығар. «Ашу алдында, ақыл соңында» деген бар емес пе?» Шынында да, Молдабай сөзшең, ұстамды, аузынан шыққан әрбір сөзін ойланып айтатын байыпты кісі еді. Оның осы қасиетін Қарекең бүгінгі кеште-ақ байқап қалды. Кеш батып, іңір қараңғылығы үйірілгенде қолға су құйыла бастады. Анда-санда ашылып қалған есіктің ар жағынан әйелдердің ду-ду күлгендері естіліп жатыр. Және асқа деген тәбетті қоздырып, есік ашылған сайын жас еттің иісі бұрқ ете қалады. Тамақ желініп болған соң осы кеште үшінші рет дастарқан жайылып, кісілер шай ішуге кірісті. Әлгі бір әңгімешіл шалдар да сөзді неден бастарын білмей «імм, імм, шай алыңыз кәні» деп қысқа-қысқа үн қатып отыр. Бұл — сөйлеуге сөз таппағандықтан емес, келелі бір әңгімені неден, қалай бастауды білмегендіктен туған жай еді. — Еһе, бұйрық деген осы екен де, — деді әлден соң Қарекеңмен бірге келген қария сөз бастап. — Құдай бұйыртса, міне, сіздер мен біздер жекжат болдық. Өкінгеннен не пайда, енді қалғаны қуаныш қой біздерге. Бәріміз де қыз өсіріп отырмыз. Қызы бар үйдің түбі бір өкініші бар. Сол қызымыздың қай күні кетіп қаларын Алла білсін. Бүгіндегі жастарға пәлен деу де қиын ғой. Әкелердің ойлайтыны солардың келешегі екен, теңін тапса дейді екенбіз. Молда-еке, қызыңыз жаман есікке барған жоқ. Әкесі міне, ақ тілеумен алақанын жайып алдыңызға кеп отыр. Ұл болса… өз баламызды мақтау жараспас, дегенмен қыз қалаған соң жаман болмағаны ғой, рас емес пе, — деп аздап күлімсіреп ол отырғандарға қарады. — Е-е, әлбетте. Кім жамандасын, — деген сөздер тұс-тұстан естіліп қалды. — Імм, айта беріңіз. Сөйтіп, құдалар алғашқы таныстықтарын мал-жан амандығымен әзіл-оспақтан бастап, түн жарымы ауғанда барып, осылайша келелі кеңеске көшті. Екі жақ мәмілеге келіп, ет құда болайық деп қол алысқанда қыстың ұзақ таңы сыз бере бастап еді. Сол кезде ғана әйелдердің шыдамсыздана күткен сәттері де жетіп, Қарекеңдердің қоржын-қосқұлақтарының аузы сөгілді. Дүние деген жолдас емес, көңіл

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13