ШАЛДАР

құрты. Ол өзгеге құлаған ықылас пен құрметтің белгісі. Қарекеңдердің алып келген үш тоғызы қыз ауылының адамдарын риза етіп тастады. Құдасының үйінде екі күн жатқан соң, жаңа жекжат болған ауылдың қанша дегенмен сыншыл келетінін ескеріп, Қарекеңдер қайту қамына кірісе бастады. Осы аз ғана күннің ішінде Қарекең өз құдасымен де, ауыл ақсақалдарымен де тіл табысып, етене жақын болып кетті. Бұлар жүрер кезде осында келгелі бері танысқан шалдар кәдімгідей абыр-сабыр, әуен-жәуен боп жиналысып қалды. «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей, қыз төркіні де қарап қалмай үш шалға үш шапан жауып, тағы да толып жатқан сәлемдемелермен қонақтарын аттандырып салды. Ауылдан қозы көш ұзаған кезде, Молдабай тізгін тартып, ат басын тежей берді. Қарекең де құдасының ішкі ойын сезгендей қолындағы күміс сапты қамшысын әдейі жерге түсіріп жіберіп, соны алғалы аттан түсті. — Ал, Қареке, — деді. Қаражан атына қайта отырып қатарласа бергенде Молдабай. Алғаш жүз көріскенде томсырайған мінез көрсеткенім үшін қазір өзім ұялып келе жатырмын. Оным үшін айып етпегейсіздер. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деген бар. Енді, сіз бен біз жекжат болдық. Қыз бердім екен деп керкитін әке мен емес, сыйлағанның құлымын. Алдыма келіп ақ бата сұрағандарыңызға бек ризамын. Көзіңізге мақтанғаным емес, ендігі бір арманым жақсы бір құда табу еді, ол тілегім қабыл болған сияқты. «Бай мен бай құда болса араларында жорға қатынайды, кедей мен кедей құда болса араларында дорба қатынайды, бай мен кедей құда болса бір-біріне зорға қатынайды» деген ғой бұрынғылар. Қазір бай-кедей деп бөлетін жайымыз жоқ, сонда да болса, әлгі айтқандай, зорға қатынап жүрмейік. Қыз бердім екен деп мен сіздерден ештеме дәметпеймін. Тек, аралас-құралас боп отырсақ маған бәрінен де сол қымбат. Одан басқа не қалды бізге. Әке үшін балаларының ойнап-күліп жүргенін көруден қызық не бар? Ендігі қалғаны солардың ғұмырлы болуы, солардың тату болуы. Қаражан Молдабайдың сөзшең, ашық-жарқын, байыпты кісі екенін бұрын да аңғарған еді. Бірақ, оның ішкі дүниесі дәл осындай кең, әкелік мейірімі терең болар деп ойламаған-ды. Ол құдасына шексіз риза болды. Біраздан соң ол құдасының шылбырынан ұстап тоқтатты да: — Молде-еке, құда құдалық жағымен. Мынау ақ ниет, ақ көңілмен ұсынған достық белгім болсын, алыңыз, — деп күміс сапты қамшысын ұсынды. …Әлден уақыттан кейін шығарып салушылар қоштасып кейін қайтты да, үш жолаушы жаңа құдаларының аулынан алып қайтқан жақсы әсерлерін ортаға салып, қоңыр үнмен баяу әңгімелесіп бара жатты. Ауылға келіп, үш-төрт күн өткен соң да Қарекең Молдабайды ұмыта алмады. Онымен бірге өткізген үш күн ешқашан ескірместей боп, жадында сақталып қапты. Тіпті, ол құдасын сағына бастаған да сияқты. Осындай түндердің бірінде Қарекең кемпірімен ұзақ сөйлесіп, жақсы

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13