ШАЛДАР

шүкіршілік келтіріп, балаларының тыныш та тәтті тұрмыстарын тіледі. Бірақ, енді бір жыл өткен соң толқынсыз көлге тас лақтырылғандай әдемі тұрмыстың іргесі шайқатылып кетті. Ерғабыл мен Нәзира ажырасты. Олардың не себепті ажырасқанын, араларында қандай келіспеушілік болғанын Қарекең де, Бибінұр да анық білмеді. Әйтеуір, соңғы үш-төрт ай бойы олардың анау шағын бөлмесінен анда-санда ащы айғай естіліп қалып жүрген-ді. Сезімтал әке балаларының күрт өзгерген мінездерін ә дегенде-ақ байқап қалған. Әйтсе де, «не болды, неге томсырайып жүрсіңдер?» деп сұраған жоқ. Кемпіріне де рұқсат етпеді. «Қойшы не болса соған елеңдей беріп. Ұрысар да татуласар, араласпай-ақ қояйық» деген-ді. Жаздың жайма шуақ күні еді. Қарекең құдасының аулына барып кештетіп оралды. Келсе, үйде әлі шам жағылмапты. Терезе біткен үңірейіп тұр. Оның денесі мұздап сала берді. «Бибінұр, уа Бибінұр, бармысың», — деді ол есіктен кіре бере. Ешкім жауап қатпады. «Тоба, қайда кеткен бұл үйдің адамдары», — деп ол ішкі үйдің бөлмесіне кіріп электр шамын жағып қалғанда тіреуге сүйеніп жылап отырған кемпірін көрді. Қарекең бір сұмдықтың болғанын сезіп шошып кетті. — Әй, не болды, неге жылап отырсың кеш батқанда, — деді ол әйелінің қасына келіп. Бибінұр шешей шалының үнін естіген кезде барып басын көтерді де: «Кетті», — деді сөзінің ар жағын айта алмай келесі бөлме жаққа қолын сілтеп. Қарекең ауыр бір күрсінді. Сол орнында едәуір уақыт тұрды да, баласының бөлмесіне беттеді. Ерғабыл үйде жоқ екен. Сол күні олар ас та ішкен жоқ, сиыр да саумады, көгендегі қозылар да ағытылмады. Ерғабыл дүсір-дүсір етіп, түн жарымы ауғанда келді. Есік алдындағы аш төбет асыла кетті ме, оның қаңқ еткен даусы естілді. «Итте несі бар мұның, — деді ұйқысыз жатқан Қарекең ішінен. О байғұстың жазығы не?» Ерғабыл өз бөлмесіне жайғасты-ау дегенде Қарекең буындары сытыр-сытыр етіп орнынан тұрды. «Қайда байғұс-ау?», — деді кемпірі сыбырлап. Ол үндеген жоқ. Кемпірі де қайта сұрамады. Шалының қайда бара жатқанын өзі де біліп жатса керек. Қарекең ұлының бөлмесіне кірді. Ол сырт киімін орындық үстіне қалай болса солай тастай-тастай салып, енді жастыққа бас қойған екен. Ойда жоқта кіріп келген әкесін көріп, жастықтан басын көтеріп алды. Қарекең сөзді неден бастарын білмей босаға жанында едәуір уақыт үнсіз тұрды. Бала алдында әкенің де айтарға сөз таппай дәл осылайша қиналатынын Қарекең осы сәтте ғана сезген сияқты. Әкесінен сөз күтіп, бала да үнсіз жатыр. — Келін қайда? — деді Қарекең әлден соң мүлгіген тыныштықты селт еткізіп. Ерғабыл да бұл сұрақты іштей тосып жатса керек: — Төркінінде, — деді аспанға қараған бойы. — Імм, қайтып келе ме? — Білмеймін. — Енді кім біледі? — Өзі біледі. Тағы

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12 13