қайталаудан жалықпайтын. Оның жүрегі осыншама нәзік болар деп мен ешқашан да ойламаған едім. Нәзирадан әлі күнге дейін жауап болмаған соң, біз хаттың екіншісін, үшіншісін, тіпті төртіншісін де жаздық. Одан сонда да жауап келмеді. Байғұс Шойынқұлақ қатты мұңайып жүрді; әлдене күткендей, дегбірсіздене бастайтынды шығарды. Менің оған жаным ашыды да, Нәзираға мейлінше ызам келді. Сонан соң е ары, е бері болшы дедім де, қытығына тиетін ұзын сонарлы хат жазып, бір келгенде қолына ұстата салдым. Бір күні вагонда жалғыз өзім отыр едім, ас пісіруші әйел кіріп келіп: — Сұлтан, мына хатты доқтыр қыз саған бере сал деп еді, — деп төрт бүктелген қағазды менің алдыма тастай салды да, шығып кетті. Хатты ашып, оқып шыққанымда, денем түршігіп сала берді. «Менің басқа жігітім бар. Енді көп байланыса беруші болма. Осымен бәрі де бітсін, Шойынқұлақ» депті. Шойынқұлақтың шын аты –Алданыш екенін Нәзираның білмеуі де мүмкін еді. Хат жазғанда әлдекімнің қолына түсе қалса, мен екенімді біліп қояр деп, Шойынқұлақ атын жаздырмайтын. Мен ауызша ғана айтып жүруші едім. Бұл хатты Шойынқұлаққа көрсетерімді де, көрсетпесімді де білмей, әрі-сәрі болдым. Оқытайын десем, оны аяймын, оқытпайын десем ол байғұс дәл осылайша жылдар бойы сергелдеңге түсіп жүре беруі мүмкін. Ақырында, не де болса көрсетейін, мынадай халде қалғаннан гөрі, үмітін біржолата үзгені дұрыс болар, — деген тоқтамға келдім де, егіс басына келдім. Ол менің мезгілсіз келуімнен бір жылы хабар күтіп, трактордан секіріп түсті де, маған қарсы жүгірді. — Не, хат бар ма? — Бар, — дедім күбірлеп қана. Ол мені аспанға тымақша лақтырып, бірнеше рет қайта қағып алды. — Ал, не депті, оқышы? — Мә, өзің оқы, — дедім де трактордың көлеңкесіне кетіп қалдым. Ол оқып шығып, есінен айырылған адамша, сол орнында қатты да қалды. Әлдене деп өзіне-өзі күбірлеп тұрғанын да көріп қаддым. «О, бишара Шойынқұлақ, ғашық болып нең бар еді?» — деймін ішімнен. Бұл оны кемсіту емес, аяғандығымнан еді. Қасыма келгенде оның кезерген еріндері «Шойынқұлақ» дегенді еріксіз қайталаумен болды. Бәрінен де бұрын оған Нәзираның осы сөзі қатты батса керек. Өйткені сүю былай тұрсын, ол оның намысына тиді ғой. Біз кешке дейін бір-бірімізге тіл қатқанымыз жоқ. Осыдан соң Шойынқұлақ мүлде өзгеріп кетті. Кей түндері ұйқы көрмей далада себепсіз сандалып жүріп-жүріп, таң атқан соң тамақ та ішпей тракторға кетіп қалатынды шығарды. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, бір күні Нәзираның күйеуге тигенін естідік. Сол кезде Шойынқұлақтың жүзі жер беттеніп, түтігіп кетті. Жұдырықтарын кімге арнағаны белгісіз, кіжініп түйе берді. Сонда мен: «Осы не Нәзираны, не өзін мерт қылмаса екен», — деп те қорықтым. Шойынқұлақ екі күн бойы