ЕҢ БАҚЫТТЫ ТҮН

«Япыр-ай, көріспегенімізге он екі жыл болып қалған ба? деп жазыпты, 1963 жылдың июлінде Жүсіптің Сыр бойында тұратын нағашы ағасы Нұртөлеу. –Осы кезге шейін сен өзгеріп кеткен шығарсың. Бәлкім, бір-бірімізді танымаспыз да. Мен саған ұрысқалы отырған жоқпын, нағашысы туған жиеніне қалай өкпе-наз айтатын болса мен де солай демекпін. Япырым-ау, осынша жылдан бері бір хат жазсаң нетті?! Бізді қойшы, ұмытсаң ұмыта бер, ал бірақ, тумаса да туғандай етіп, «сіңілімнің қалта түбі еді» –деп, туған анаңа да билетпей, күпісіне орап, әлдилеп өсірген анау қарт әжеңді қалай естен шығара аласың. «Ағайын ардақты болса, алғашқы хабар өзінен неге болмайды»,–деп те бұртиып жүрген шығарсың. Оған да тұрдық. Сенің адресіңді кеше ғана үйіңнен барып алдым. Одан бұрынырақ баруға қолға шылау болған қу шаруа аяққа да оралғы болып, мен бері тартсам, ол кері тартып дегендей тұсап тастады. Оның үстіне барып келе қоятын ел арасы жақын емес, жер шалғай. Мейлі ғой, не болса да бәрі де өтті,  енді келіп, алшақ жатып ағайынды екеуміздің айғайласқанымыз жараспас. Осы хатты алған соң, тез кел. Білемісің, баяғыда, ауылда оқып жүрген кезіңде, төбесінде тұлымшағы желбіреп, шаңға аунап жүретін Айза бар еді ғой, ол қазір бой жетіп кеткен. Өзі тым ұялшақ. Биыл келмесең апам екеуі саған әбден өкпелейді. Өйткені, өзің төртінші класты бітіріп кеткеннен кейін бізге қайтып келмей қойдың ғой. Кел, сөзсіз кел, біз бәріміз күтеміз.  

                                                              Нағашы ағаң Нұртөлеу

                                                                             1963 жыл, 19 июль»

              Осы хатты алған соң дәл жеті күн дегенде тоғай ішіндегі жыландай ирелеңдеген жіңішке жолмен ұзынды-қысқалы екі адам келе жатты. Бірі – тапалтақ келген төртбақ, иегіне ұстара тимегеніне қанша уақыт өткені белгісіз, жас өңіне кәрілік үйіріп, қаулай өскен сақалын үдере қуған мұрты бар, жас шамасы қырықты алқымдап, ақыл тоқтатқан кісі мен, екіншісі – сақал-мұрты сәуір айындағы жаңбырдан соң бой көрсеткен ажырықтай енді-енді тап берген, өткір жанары мен көрікті жүзінде сабырлылықтың нышаны байқалса да, албырттығы астасқан жас  студент еді. Бұлардың бірі – нағашысы, екіншісі– әрине,  жиені. Олар көп жылдан бері көріспеген сағынышпен, ең негізгісі– жуық арада басыла қоймайтын сағынышпен, әндете көтеріліп, бетке тынымсыз соқтығысқан масаларды да елемей, болмашы нәрсенің өзін де, үлкен мәселе етіп, қызу сөйлесіп келе жатты. Бауырластар осылайша амалсыздықтан туған төзімділікпен масаға жарым сағаттай таланған соң, тоғай шетіндегі ағаш арасынан өздеріне сығалай қарап тұрған ақ түндікті үйге де жетті. Бұл үйдің тоғай шетіне жақын орналасқаны соншалықты, бұрын тоғай екеуі бір жаралып, бір орынға таласып, ақырында байғұс

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11