үйге келмей қойды. Ертеңіне барсам, тракторды барынша арқыратып айдап жүр екен. Мен жақындаған кезде, қолына кесек алып қуып берді. Ұйықтамағандықтан ба көзі құтырған иттей қызарып, жағы суала түсіпті. Мен оны жынданып кеткен екен деп те ойладым. Түс ауа, оған тамақ алып қайта оралдым. Келсем Шойынқұлақ трактордың көлеңкесінде шалқасынан түсіп жатыр екен. Трактор күркілдеп от алып тұр. — Алданыш, — дедім даусымды әрең шығарып, — ау, Алданыш, тұршы, тамақ ішші. Ол ұйқысынан оянған арыстандай, басын ақырын көтерді де, маған қанталаған отты көздерін қадай түсті. Дәл қазір ол мені шайнап-шайнап жұта салатындай көрінді. Шойынқұлақ маған ұзақ қарап тұрды да, «мін» дегендей тракторды иегімен меңзеді. Мен мініп жүріп кеттім. Загонды 3-4 рет айналдым. Ол сол орнында мең-зең болып әлі отыр. Енді бір айналып келгенімде Шойынқұлақ қосқа қарай кетіп бара жатыр екен. «Иә, ол тынышталайын деген екен» — деп мен де біраз жеңілденіп қалғандай бір күрсіндім. Бірнеше сағат өткен соң, Шойынқұлақ отырған орынға тоқтап тамақтарды жинастыра бастадым. Сол кезде бір қағаз газет арасынан жерге сусып түсе калды. «Сұлтан, мүмкін тағы бір жерде кездесіп қалармыз. Мен кеттім, қош бол». Ішімді от жалап өткендей болды. Қос жаққа көз тастап едім — сонау қия бетте солдат шинелінің етегі желбіреп, кетіп бара жатқан Шойынқұлақты көрдім. Даусым оған жетпейтінін білсем де, барымша айқайлап, сүдігерге сүріне-қабына жүгірдім. Бір кезде ол артынан қуып жеткен машинаға отырды да, мені көріп қалып, бас киімін көзден таса болғанша бұлғап бара жатты. Мен тракторға келіп, қолымдағы күртешемді лақтырып тастадым да, етпетімнен түсіп жылап жібердім… Жаз болды. Егін орылып бітіп, күз де келді. Біз зябь жыртып жатқан едік. Шойынқұлақ кеткелі бері менің көңілім барынша бір жадыраған емес. Өр кеудесіне қайтпас қажырлылықпен жігер қатпарланып, сол қасиетімен бірге орасан намысшылдығы астасқан өжет адамды, мен әсте естен шығара алмадым. Жұмыс көктемдегідей қауырт болмағандықтан, мен бір тракторда өзім ғана істеп жүр едім. Бір күні ымырт жабылған уақытта жұмысты тоқтатып, үстімнің шаңын қағып жатқан кезімде, жол жиегіне май таситын машина тұра қалды да, кабинадан бір адам секіріп түсіп, тура маған қарай жүрді. Қараңғылық үйіріліп қалғандықтан, оның кім екенін анықтап болжай алмадым. — Өй, ақымақ, сен Сұлтанбысың-ей, — деген зор дауыстан оның Алданыш екенін тани кеттім де, қуанғанымнан «Шойынқұлағым!» деп оның алпамсадай иығына асыла кеттім. Шынын айту керек, анада «ауылға жүрсеңші» деп келіп кеткен ағамды мен мұншалықты сағынышпен құшақтамаған едім. — Япырмай, қайдан, қалайша келіп қалдың! — дедім оның мойнын қыса түсіп. — Тыңды сағындым, сонан соң, ақымақ, сені сағындым ғой мен, — деді ол басымнан еркелете сипап. Оның бұл даусында өзін-өзі