үсіген картоптай емін-еркін мұрын жайласыпты. О баста оны әлдекім лақтырып жібере салғандай, бір жағына қисая жабысқан екен. Бір көрген адам оны әні-міне құлап кетеді екен деп минут сайын күткендей еді. Оның осы түрі маған қорқынышты болып көрінді. Сасқалақтап жүріп тракторды оталдырдым да, үстіне қарғып міндім. Анау әлгі орнында қозғалмастан тұр. Трактор орнынан ақырын қимылдай бастады. Артымнан әлдеқалай дауыс шығар ма екен деп құлағымды түріп келемін. Ешнәрсе естілмейді. Біраз ұзаған соң артыма қарасам, анау сол орнында әлі тұр. «Не деген адам, — дедім ішімнен, — жынды ма, сау ма, өліктей қатып қалғаны несі?» Мен загонды бір айналып келсем, анау әлі мелшиіп тұр екен. Осы жерде өзім оның мінезіне күліп те жібердім. Оның үнсіз тұрғанына қыжырым қайнап, қол бұлғағанына да қарамай, жанынан өте шықтым. Қарымын қайырғым келді. Қайтып оралсам ол бұлқан-талқан ашуланып жүр екен. Ұрысқанда үстіңгі ерні желді күнгі түндіктей желп-желп етеді. — Сен бала несің! — деді қалшылдап. Ашу тығылғанда аузына осыдан басқа сөз түспей қалса керек. — Мен немін? Адаммын. — Адамды көрсетемін мен саған! Сен бүйте берсең, көрдің бе, анау оттыққа тығып жіберемін! — деді төне түсіп. Мен трактордың көкшіл түтіні будақтап шығып жатқан трубаға қарадым. Жіп-жіңішке мен түгілі жұдырығым да сыймайды. Жайшылықта болса күліп те жіберер ме едім, дәл қазір езу де тарта алмадым. Шынында тап осы кезде ол мені кабинадан жұлып алып, бейне бір құмырысқадай табанымен таптап, дымқыл топырақты аяғымен бір-ақ ысырып көме салатындай көрінді. Оның әлденеше рет ұрыса айтқан сөзіне тіл қайырмап едім, ол сабасына қайта түсе бастады. — Көкірегін қарашы-ай, өзінің? — деді ол ызасы қайтып. Ал, жүр, мен таңертең келемін. Ол жүре берді де, кейін бұрылып: — Әй, атың кім сенің? — деді. — Сұлтан. — Менің атым кабинада жазулы, тауып аларсың, — деді де, сәл кідіріп: — Темекің бар ма? — деді. — Шекпеймін, — дедім трактордың үнін жеңбек болып барымша айқайлап. Ол қолын бір-ақ сілтеді де, қосқа қарай жаяу тартып кетті. Жалғыз қалған соң, кабинаның ішін көзіммен шарлай бастадым. Бір кезде «масло» деген көрсеткіштің дәл үстіндегі «Алданыш» деп жантайта жазылған ірі-ірі жазуга көзім түсті. «Мұның Шойынқұлағы несі, Алданышы несі?» — деп ойладым ішімнен. Бұл — «Ер Төстік» ертегісіндегі Шойынқұлаққа теңеп, құрдастарының таққан айдары емес пе екен? Егер олай болса, тауып қойылған. Шынында солай екен, оған көзім кейін жетті. Мен трактордың газын «ар-р» еткізіп басып қалып, ілгері жүріп кеттім. Біздің алғашқы таныстығымыз осылайша болды. Қалжырағанымды сезбеуге қанша тырыссам да, таң атуға екі-үш сағат қалғанда көзім еріксіз жұмыла берді. Алғашқы кездегі трактордың құлақ тұндырардай