дауысын, үйреніп кеткендіктен бе, енді естімейтін де сияқтымын. Құлағыма тек болат шынжырлардың «сақ-сақ» еткені ғана келді. Трактор мені бір жоғары, бір төмен тербеп, тыныш бір дүниеге жетектегендей, ұйқымды ұйыстыра түседі. Өстіп келе жатып, ұйықтап кетіппін. Бір кезде маңдайым әлдеқалай бір темірге сарт ете қалды. Трактор арылдап барып, тына қалды. Бір сұмдықтың болғанын сездім де, кабинадан атып шықтым. Жан-жағыма көз салсам, айдалып жатқан жер көрінбейді. Ұйқы басып, әлдеқайда лағып кеткенімді сонда ғана ұғып, жүрегім кеудемнен атып шығатындай, тарсылдап сала берді. Трактор әлдеқалай бір су қазып кеткен жыраға тұмсығымен тіреле тоқтапты. Дүниедегі ешқандай сұлулыққа айырбастамайтын таң алдындағы жібек жел, трактордың кеудесінен май иісі аңқыған ыстық лепті ақырын ғана бетке үрлейді. Арты көтеріліп кеткен трактор, осының бәріне риза сияқты үнсіз тұр. Тек радиатордағы қайнап кеткен су ғана тыныштықты бұзып, аш сиырдың ішіндей құр-құр етеді. Осы кезде қолыма жып-жылы сұйық нәрсе тамып кетті. Сіріңке шағып қарасам қан! Алақаныммен сипап көріп едім, маңдайым ашып сала берді де, қолым жабысып қалғандай болды. Зәрем ұшып сасқалақтағанымнан, тамшылап жүрген қанды байқамаған екенмін. Басым айналып, сұлық түсіп отыра кеттім. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Әйтсе де, үйреніп қалған құлақтан, алыста келе жатқан трактордың гүріліндей бір сарын ызыңдап кетер емес. Бір кезде Шойынқұлақ көзіме елестеп кетті де, жаным түршігіп сала берді. О, сорлы басым, ертең ол маған не дер екен! Осы ой басымның мең-зең болып, шекемнің солқылдап бара жатқанын ұмыттырып та жіберді. Таң қылаңдап ата бастады. Бозторғайлар пыр-пыр етіп, шырқау аспанға шырылдай көтеріліп жатыр. Канистрдегі ауызсуға бетімнің қанын жудым да, не де болса күтіп алуға белді бекем буып отыра бердім. Өйтпегенде басқа не амал бар? Менің мүшкіл халімді көріп, мазақ еткісі келгендей, тау тасасынан күн де мойнын қылқитып сығалай бастады. Жарық болған соң ғана көрдім, сонау белден тартылған сызық, дәл маған келіп тіреліп тұр. Шойынқұлақ мені осы ізбен тауып келер деп, әрекетсіз отырмын. Біраздан соң сол белден әлдекімнің қурай сияқты мұнартқан тұлғасын көрдім. Мені ауыстыратын Шойынқұлақтан басқа ешкім жоқ екенін білсем де, дәл осы келе жатқан басқа біреу болса екен деп тілеп отырмын. Егер ол болса, сөз жоқ мені жұмыстан қуады! Енді келе жатқан адамға қарасам, бетімді от шарпып алатындай сезініп, ол жаққа мүлде назар аударғым келмейді. Өйткені Шойынқұлақ болып шықса ше? Өй, қандай қылмыс жасадым мен! Бір кезде бар батылдығымды жинап, келе жатқан адамға жалт қарадым. Дәл өзі — Шойынқұлақ! «Біттім» дедім де, төмен қарап отыра бердім. Ол қасыма жетіп келді де: —Ой Сұлтан, не болды, аманбысың? Япырмай, мен сені де, тракторды да бір жардан құлап құрыды ғой деп