едім, аман екенсің, — деді ол бір күрсініп. — Ұйықтап қалдың ғой сен, ә, иә ұйықтап қалдың. Оқасы жоқ, бәрі де болады. Осылай қарай кеткен ізіңді көріп, екеуіңнен де күдер үзіп едім. Мына бір жыра бақытымызға тап болыпты, әйтпегенде ана жарға барып қойып кететін едің. — Сұлтан, сен ақымақ, басыңды неге көтермейсің, әлі ұйықтап отырғаннан саумысың? Солай да болар-ау, — деп ол менің иегімнен жоғары көтерді де, қанымды көріп шошып кетсе керек: — Өй, мынауың не, соғылғанбысың?! — деді мені екі қолтығымнан жоғары көтеріп. Бұлай етеді деп әсте ойламаған мен, Шойынқұлақтың тап қазіргі мейіріміне ішім жылып кетті. Ол қолтығымнан көтерген соң өзімді-өзім ұстай алмай жылап жібердім. Қашанғы жылай берерсің, бір кезде қойдым ғой. Оның манағы көрсеткен жағына қарасам, шынында да үлкен құлама жарға елу метрдей-ақ жетпей тоқтаппын. Япыр-ай, бар болса, шынымен-ақ «құдай» сақтаған екен! — Ал, жігітім, сен осында отыра бер, мен барып трактор алып келемін, екеуміз мынаны тартып шығара алмаспыз, — деді ол езу тартып. «Шойынқұлақ» дей жаздап қалдым да, тілімді тез тарта қойып: — Алданыш, сен мұны ешкімге айтпашы, — дедім жалбарынған үнмен. — Міне, міне, сен әлі ұяла да біледі екенсің ғой. Жарайды, қалсын екеуміздің арамызда. Бірақ екіншілей ұйқың сергек болсын. Бірнеше минуттан кейін, ол қырдан әрі асып кетті. Арада жарым сағаттай өткен соң, трактор қия беттен қайқаң етіп шыға келіп, бері қарай бұрылды да, арқыраған бойы екінші трактордың қарсы алдына шыр айналып тұра қалды. Біз көп әуреленбей-ақ, жұмысты ретіне келтірдік. — Ал, Сұлтан, — деді Шойынқұлақ бетінің терін май-май кепкасымен бір сүртіп, сен барып дем ал, өзім барған соң келесің. Ана тракторды міне кет те, Олжабек деген трактористке табыс ете сал, қазір оның кезектесі жұмысқа шығуы керек, жарай ма? — Жарайды. — Ал, солай ет… Мен вагонға кіріп келсем, екі-үш адам карта ойнап отыр екен. — О, Сұлтан қалай, дала өмірі ұнады ма? — деді Олжабек орнынан атып тұрып. Мына шекеңдегі немене, ана Шойынқұлақ ұрғаннан сау ма? — Жоқ. Әлгінде бір қатып қалған гайканы балғамен соғамын деп… — О, абайлау керек, жаман тиіпті ғой өзіңе. Кел, тез таңып берейін, — деп ол аптечкасын ашты да, мазьды баттастыра жағып, шекемді айналдыра шандып тастады. — Бұл кеше келген жігіт еді, — деді ол отырғандарға таныстырып, — Шойынқұлақтың кезектесі. — Кімнің кезектесі болса да келсін, карта ойнайық, бізде бір адам жетпей тұр ғой, — деді буына қырылдай шыққан бір дауыс. — Жоқ, бұған дем алу керек. Әлде, біраз ойнағың келе ме, Сұлтан? — Мен ойнай білмеймін. — Міне, міне