жігіт! — деді әлгі дауыс. Сырықтай болғанша карта білмейді. Есітіп отырсың ба, Тұртай, карта білмейді! Эх-эх-эх. — Неменеге шиқылдай қалдыңдар! — деді Олжабек оларға жақтырмай қарап. — Карта білмеу де күлкі ме? Ал, Сұлтан, сен тынығып ал, олардың сөзіне құлақ қойма. Жұмыстан шаршап шыққан адамдар, кейде осылай да көңіл көтеріп алғысы келеді. Енді жата ғой, сені біреу түнімен әлдилеп шықпаған болар. Тамаққа да зауқым соқпай, Олжабектің маған меншіктеген кешегі орнына шығып, жатып қалдым. Шалқамнан түсіп, алғашқы еңбек ауыртпалығынан тұла бойымның шаршағанын сезіп, сондай бір тәтті ұйқының құшағына еніп бара жатырмын. Өзімнің есейіп, бір адамның міндетін атқаруға жарап қалғанымды тұңғыш рет сезініп, іштей масаттана көз жұмдым… Бір кезде: «Шойынқұлақ, Шойынқұлақ» деген дауыстан оянып кетіп, сығырайта көзімді аштым да, манаурап біраз жаттым. — Ойпырмай, Шойынқұлақтың сондай да қылықтары бар де! Еһ-еһ-еһ! — Уһ, уһ. — Шығады одан, шығады, — деген дауыстар төменгі жақтан жамырай естіліп жатыр. Олардың Шойынқұлақтың совхозға алғаш келгенде, біздің осы бригадир Тілеуғабылдың қалай масқарасын шығарғанын білесіңдер ме? — Жоқ, қалай шығарыпты? — Е, айтшы? — О, ол бұдан да қызық, — деді әлгі қарлыққан дауыс. — Ол әлгінде ғана мені карта ойнауға шақырған адам еді. Ол былай болған деді сөзін жалғап: — Шойынқұлақтың алғаш рет совхозға келіп, жер айдап жатқан кезі болса керек. Біздің Тілеуғабыл жақсы адам болғанымен мінезі шарт, тілі ащы ғой. Шойынқұлақтың айдап кеткен жерін қамшысының сабымен әрі-бері өлшеп тұрып: — Әй, мұнда кел. Көрдің бе не істеп қойғаныңды? Қырық сантиметрдің орнына, отыз-ақ алыпсың. Бәрін саған қайта жыртқызамын, — дейді. — Жоқ, сіз тек ойпаң жерді ғана өлшеп тұрсыз, басқа жерінің бәрі қырықтан кем соқпайды, — депті анау. Сонымен не керек, екеуі ерегісіп, біраз жерге барысып қалыпты. Алғашында, момын ғой, Шойынқұлақ үнсіз тұра беріпті. Ал, анау оны басынып: — Оңбаған, жер жыртуды әлі үйретемін мен саған, — депті. — Әй, бригадир болмақ түгілі, құдай болсаң да, әлгі сөзіңді қайталап айтсаң, айтпады деме, сойып саламын, — дейді Шойекең. — Сен кімді соясың, мына мені ме? Кімге шамаң келеді, оңбаған Шойынқұлақ! — деп анау өзеурейді. Онда Шойынқұлақты бәріміз де Алданыш деп шын атымен атайтынбыз. «Оңбаған Шойынқұлақ» деген сөзді алғаш есіткен ол, бригадирге бүркіттей төніп: — Әй, не дедің? Қайта айтшы! — дейді. — Несі бар? Оңбаған Шойынқұлақсың! — дейді анау қайталап. Бірақ айтарын айтса да, түрі бұзылып кеткен Шойынқұлақтан сескеніп, атына міне салып қашпақ болады. Шойынқұлақ оны жұлып алады да, біраз мыжып-мыжып, ерге теріс қарай отырғызып, шылбырмен әбден шандиды да, қалтасындағы темекіден атының құйрығына құйып, жүгенін сыпырып қоя береді.