Өзі қолға жаңа үйренген тай еді, екі көзі едірейіп шаба жөнеліпті ғой. Қайда барып тоқтары белгісіз Тілекең, ерден мықтап ұстап «әруаққа» сиынып тарта береді. Сол тайды менен оның сатып алғанына небары 5-6-ақ күн болатын. Асау тай, құйғытып отырып, жем жеген жеріне келмесін бе. Үйде ешкім жоқ, жалғыз отыр едім, тамды әлдекім дүсірлетіп, әлденеше рет айнала шапты да, ат терезенің алдына келіп осқырына тұра қалды. «Япыр-ай, түн ішінде үйді айналып шауып жүрген кім болды екен?!» — деп далаға шықсам, ер үстінде теріс қарап қалшиып біреу отыр. — Кімсің ей? — дедім. Үн жоқ. — Әй, тілің бар жансың ба, кім керек саған? –Ойбай, Мақыш, мына масқарашылық тісіңнен шыға көрмесін, алдымен мені шешші, — деді. Даусы дірілдеп әрең шығады. Қарасам, өзіміздің Тілеуғабыл! Бәрін Шойынқұлақ істепті. Содан бері екеуі сөйлеспейтін көрінеді. Айтпа деп еді айттым ғой. Жұрттың бәрі ішектері қата, жан-жағына қисая құлап жатыр. Мен де еріксіз күліп қойдым да, бригадирдің кеше: «Совхоз орталығына асығып бара жатырмын», — деп Шойынқұлаққа неге жақын бармағанының себебін түсіне қойдым. Бәрі де әбден күлісіп болған соң баяғы дауыс: — Әй, осы Шойынқұлақ Нәзираға ғашық екен, — деді сыбырлағандай үнмен. — Қой әрі. — Соқ өтірікті. — Сенің де естімейтінің жоқ екен. — Сендер таңданбаңдар. Бір күні мен қалтасынан темекі ала бергенімде, бір қағаз ілесе шықты. Ашып қалып едім: «Нәзира» деген ірі жазу жалт ете қалды. Қызық үшін оқи салайын деп, енді кірісе бергенімде, Шойынқұлақ жетіп келіп, қағазды қолымнан жұлып алды. — Ақымақ, екінші рет біреудің қалтасына түсуші болма! — деді де, маған ызбарлана бір қарап, тамақ ішуге жүріп кетгі. — Солай де? — Одан бұл да шығады екен-ау? — Бәрібір Нәзира оған көнбейді. «Міне қызық, Шойынқұлақтың Нәзираға ғашықтығы шын ба екен!» — дедім ішімнен. Ал шын болса ол кім болды? «Ас пісіруші әйелдердің бірі емес пе? Қой оған Шойынқұлақ жақындап не қылсын. Жоқ, анау әңгіме жоқта әңгіме тудырып отыр ма? Мейлі, кейін әйтеуір бір көзім жетеді ғой?». Рас, кейіннен білдім, Нәзира дәрігер қыз екен. Ол қос басына апта сайын келіп-кетіп жүретін. Шойынқұлақтың ғашығы сол екен ғой. — Ал жұмысқа баратын уақыт болды, жігіттер, күлдік, әзілдестік, осы да жетер, енді тұрайық, — деген Олжабектің даусы естілді. Бірнеше минут өткен соң, вагонда менен басқа ешкім қалмады. Кешке Шойынқұлақ келген соң, мен жұмысқа кеттім. Осылайша әлденеше күндер артта қалды. Осындағы бірге жұмыс істейтін адамдардың бәрімен де танысып алдым. Ал Шойынқұлақ екеуміз мүлде дос болып кеттік. Ол мені інісінен де артық көретін болды. Тіпті, кей күндері, «Сұлтан, сен тыныға ғой, шаршаған