шығарсың, бүгін мен-ақ істеп келейін», — деп қанша қарсылассам да, түнгі кезекті өзі атқарып келіп жүрді. Кей кезде селдір шашымнан сипап тұрып: «Сендей інім болса мен қандай бақытты болар едім, Сұлтан, сені сондай жақсы көремін. Бірақ өжетсің, тіл тарту дегенді білмейтін бір беткейсің», — дейтін. Сүйтетін де, ауыр бір күрсінетін. Оның да себебін түсіне қоятынмын. Өйткені оның өзінен басқа ешкімі жоқ еді. Ол жас кезінде Балалар үйінде тәрбиеленіп, әртүрлі өмір соқпақтарынан өткенін, сонан соң әскери борышын өтеп, осында келгеніне дейін маған бір кеште айтып берген болатын. Кейіннен білдім, мұндағы жігіттердің бәрі де оны «Шойынқұлақ» деуге бата, алмай, көзінше Алданыш деп атайды екен. Ал оның көзі тайса-ақ болды, Алданыш аты мүлдем ұмытылып сала береді. Бір күні менің одан шапалақ жеп қалғаным да бар. Ол былай болды. Екеуміз трактордың үзіліп кеткен шынжырын жалғап жатырмыз. Біраз терлегеніміз босқа кетіп, ісіміз өнбей-ақ қойды. Мұндайда ол өзінен-өзі қатты ашуланып жүруші еді. Намысына болмашы тиіп кетсең-ақ, салып жіберуден тайынбайтын. Шаршап кеткен соң, екеуміз трактордың көлеңкесіне жатып дем алдық. Ол етпетінен түсіп темекі тартып жатыр. — Сен неге арықсың-ей? — деді бір кезде ол бетіме бажырая қарап. Ол ашуы келгенде көбінесе осылай деп сұрайтын. Менің ызам келіп кетті де: — Сен неге Шойынқұлақсың? — дедім. — Әй, ақымақ, қайта айтшы, не дедің? — деді бет-аузы жыбыр-жыбыр етіп. — Не дегенімді естідің ғой. Осы кезде, оның қалай ұрғанын білмеймін, өткір шапалақ жағымды ду еткізді. Мен бетімді ұстап отырып қалдым. — Басқа біреу болғанда тиісті сыбағасын алатын еді, саған ғана жеңіл жаза қолданып отырмын, екінші есінде болсын, — деді ол темекісінің тұқылын қара қошқыл топыраққа көміп жатып. Содан кейін мен оны ешқашан да «Шойынқұлақ» демейтін болдым. Ол да әлгіндей сұрақ қоймауға уәдесін берді. Осылайша тағы бірнеше күн өтті. Бір күні кешке тамақтанып болған соң, анау-мынауымды алып, жұмысқа қарай аяңдадым. Біраз ұзап кеткенімде артымнан Шойынқұлақтың: — Әй, Сұлтан, тоқта, тоқта! — деген даусын естідім. Ол қасыма ентігіп жетіп келді де: — Бүгін екеуміз бірге істейік, — деді ыржия күліп. — Жарайды. Бірақ сенің демалуың керек қой, ертең жұмысқа шығасың. — Ой, бір күнгі ұйқыны қойшы. — Онда мейлі, кеттік. …Екеуміз үнсіз отырмыз. Трактор қара түнді қақ жарып, ақырап жүріп келеді. Бір орасан дүбірдің тап келгенін сезгендей жусан-жусанның түбіне қонақтаған бозторғайлар, пыр-пыр ұшып, белгісіз қараңғылыққа сүңгіп жатыр. Түннің біраз мезгілі өтті. Бір кезде Шойынқұлақ құлағыма айқайлап: «Тоқташы» — деді. Мен тоқтата қойдым. «Өшір» деді. Өшірдім. Сүйтсем де таң-тамаша қалып тұрмын. — Сұлтан, сен тісіңнен шығармайсың ба, мен саған бір нәрсе айтайын.