— Жақсы. — Солай де… Айтшы, сен ғашық болып көрдің бе? — деді ол даусына аздап діріл араласып. Мен біреуден естігенімді де, өз басымнан өткенді де айтып бердім. Ол ұзақ уақыт үнсіз тыңдап болды да: — Сен оған үйленесің бе? — деді. — Несі бар, үйленемін. — Сен қандай бақыттысың, Сұлтан, — деді ол бір күрсініп. Сүйген қызың бар, хат жазысып тұрасыңдар. Мен оның Нәзираға ғашық екеніне дәл осы сәтте көзім жетті де, бетіне қарадым. Бірақ қараңғыда жүзіне қандай өзгеріс енгенін аңғара алмадым. — Сен біреуге ғашықсың ғой, Алданыш? — Иә. Мен Нәзираны сүйемін, — деді ол сыбырлағандай. Сүйтті де кенет серги түсіп. — Сұлтан, сен жақсы жаза да аласың, маған қарағанда тілің де бар, кел екеуміз хат жазайықшы, — деді ентіге сөйлеп. — Болсын. Бірақ сенің не айтпақ болғаныңды мен қайдан білейін. — Өзім айтып отырамын ғой. — Ал жақсы, қалам, қағазың бар ма? — Бар. Ол қалта фонарымен жарық қылып отырды да, мен қағазды канистрдің үстіне қойып жаза бастадым. — Ал айт. Шойынқұлақ ұзақ ойланып, былай деді: «Қымбатты, жаннан артық көруші ақ сәулем Нәзира! Қалай, аман-есен денсаулықтың арқасында…» — Өй, мынауың амандық хат қой, жаным-ау. — Енді қалай бастау керек? Оның мандытып ештеңе айтпайтынын ұқтым да: — Сен біраз жүріп келе ғой, өзім жазуға тырысайын, — дедім. Ол балаша қуанып, секіре жөнелді. Енді қалта фонарьдың жарығын қағаз бетіне туралап қойдым да, барымды салып жаза бастадым. Елжіреген ғашық жігіттің жүрек сезімін қағаз бетіне түсіріп болдым-ау деп, хат соңын екі шумақ өлеңмен бітірдім. Шойынқұлақ: «болдың ба?» деп, осы уақытқа дейін әлденеше рет келіп кетті. Енді оны шақырып алып оқып бердім. Өлеңнің ең соңғы шумағы былай аяқталушы еді. «Сарғайып жүрек езілді, Сен үшін пида болсыншы, Бақытқа бөлеп сезімді Жанымды нұрға толтыршы». Бұл төрт аяғын тең басқан өлең болмаса да, Шойынқұлаққа мейлінше ұнады. — Міне, сен қандайсың, міне, сен қандайсың ақымақ! — дей берді ол қуанғаннан. Ол бұл хатты әлденеше рет оқып шықты. Бірақ мұның бәрінен ауыры — хатты мен апарып беретін болдым. Өйткені, құпия екеуміздің ғана арамызда болуы керек. Хатты мен Нәзираға табыс еттім. Ол оқып шықты да, беті шиедей боп қызарып сала берді. Бірақ ешнәрсе деп тіл қатпады. Жауап жазар деп біз екі-үш күн күттік. Бірақ одан хабар болмады. Осыдан соң, Шойынқұлақ көп түндерді менімен бірге өткізіп жүрді. Ол Нәзира туралы әр түрлі тәтті қиялға шомып, сол қиялдан жаны рахат тапқандай, аспандағы шапырлаған жұлдыздарға күле қарап, әлдене деп сыбырласып отырушы еді. «Нәзира сұлу-ә, Нәзира ақылды-ә» — деген сөздерді сағат сайын