КЕМПІРЛЕР

дауысын кілт төмендетіп, — ене-ау, ас аңдығандай боп қыдыра беріп қайтесіз, үйде отырсаңызшы. Сәрсенкүлдің де оянатын кезі боп қалды деп күмілжиді маған кеп. О-о, әдірем қал-ау сен, әдірәм қал, — дедім өзіне. — Ас аңдығандай боп деуін қарашы-ай мұның. Немене, мен қыдырсам, аштықтан қыдырады ғой деймісің. Әңгімелесеміз, отырамыз. Көрге кіргенше күлді көмеш боп көміліп үйде отыра бер демекпісің, о несі-ей түге! Сәрсенкүлдің оянатын кезі боп қалды дейді ғой маған барып, жыласа жұбатып ал өзің. Бір емес, бес баланы қабақ шытпай жүріп мен де өсіргем, енді рәтін көрмеймін бе? — деп есікті тарс жауып шықтым да кеттім. Өлігің әдіре қалғырларды сүйтіп қоймасаң да болмайды. Бес бала өсіріп, бес келін түсіріп, отырсам сол жаялық жуып. Керегі не маған ол күшіктердің, өсірсін өздері. Олар маған рахат көрсетіп, басыма көк тас қояр деймісің бір». — Әй, Қатира, тәубә деп сөйле, тәубә деп, — деді үй иесі Қалампыр. — Немерең болмаса неменең қадірлі сенің. «Құдайдың берем десе баласы жоқ па, жіберем десе бәлесі жоқ па» деген, Алла кәріне алып жүрсе қайтесің. — Қойшы, қайдағыны айтпай. Астапыралла, кешіре гөр асылық сөйлесем!.. Бе-еу, Қалампыр, соны шын айтып отыр дейсің бе мені бір. Кемпір болып, үй бағып отырған соң кейде ұрысамыз, кейиміз әйтеуір. Бағана «Сәрсенкүлің құрысын» деп ашуланып шығып кетсем де жол-жөнекей ойымнан кетпей, көкейімде түйткіл боп тұрып алғаны. Кешір, кешіре гөр құдай! Бәрі де сол жаман немелердің арқасы емес пе, — деп әлгінде ғана жібіместей боп қатып отырған Қатира суға түскен кесектей езіліп, көзіне жас алып шыға келді. От басында отырып осылайша сырласу, күрең шайды ұрттай түсіп мәслихаттасу кемпірлердің сүйікті сәттері-ау! Үй іштерімен қанша ренжіссе де, қапаланса да, қуанса да, бәрі-бәрі солардың арқасы екенін айтып, алдымен елге, сонан соң балаларына тыныштық, амандық тілеп, түске жақын орындарынан тұрады. Бұлардан шыққан соң немересін жетектеп Қалампыр әжей де үйіне аяңдайды. Алғашқы сәтте жүрегінің терең түкпірінен белгісіз бір мұң мен жапа бас көтергендей бойын көңілсіздік билейді. Бұл сезім өз үйлеріне келіп, құлыптаулы есік алдында иелерін күтіп жатқан қара күшікті көргенде бұрынғысынан үдей түсетін сияқты. Әсіресе, түн ортасы әлдеқашан ауып, маңайды өлі тыныштық басқанда кәрі сүйектен ұйқы қашып қай-қайдағыны ойлайды. «Өзекті жанда өлім бар, бір күні көз жұма кетсем мына жалғызымның күні не болмақ?» дегенде, көкірегі өксікке толып көз көбесіне ыстық жас көлкілдеп шыға келеді. «Қазір алсаң да жас кетіп бара жатырмын демес ем, бірақ, мына қарғам оң-солын танығанша қарайлай тұр, жасаған» деп немересі үшін өзіне өмір тілейді. Өстіп жатып, әлгіндегі өзі сияқты кемпірлердің тасып-шалқып сөйлеген сөздерін, оларға сапырылысып келіп-кетіп жататын кісілерді

Pages: 1 2 3 4 5 6