–Сонда, оның ескі жұртты сағынғаны ма? –Солай болғаны ғой. –Апырмай, итте де ондай қасиет болады екен-ау. –Болады… Көктем шығуы-ақ мұң екен, Қабыланның да барлық мінезі, жүріс-тұрысы, күнделікті әдеті, төңірекке көзқарасы, бәрі-бәрі де өзгеріп сала берді. Оның біздің есіктің алдына келгеніне міне төрт ай болды. Осы төрт айдың ішінде Қабылан көз алдымызда жүрсе де бәрімізден ұрланып ержеткен секілді. Осы көктем шығып, наурыз торғай келгенге дейін ол көзі шыныдай жылт-жылт етіп, алдындағы адамға тек балалық қызығушылықпен, таңданушылықпен басын қалт-қалт еткізіп қарап отыратын кіп-кішкене сүйкімді күшік еді. Алды адамнан бастап, өмірдегі тірі мақұлықтың бәрін белгілі дәрежеде есейтетін, ой қосатын, тіпті барлық мінезінің күрт өзгеруіне тікелей әсер ететін үлкенді-кішілі кездесетін сол өмірдің уақиғалары ғой. Қабыланның да мінезіне күрт өзгеріс енгізген сондай бір уақиға болды. Қар кетіп, жер енді бусанған шақта, бір күні әкем атадан келе жатқан салт бойынша Қабыланның бүкіл жүріс-тұрысына, қимылына ерекше, бір сүйкімділік сеуіп тұратын селтеңдеген құлағы мен шұбатылған әдемі құйрығын табалдырыққа қойды да ұстарамен ғырт-ғырт еткізіп кесті де тастады. Қабылан қыңқ деп дыбыс шығарған жоқ. Екі құлағын кесіп болып, әкем енді құйрығын ұстап жатқанда, оның сүйкімді ойлы көздерінде айрықша бір шыдамдылық пен сабырлылық пайда болып, екі құлағынан сорғалаған қою күрең қанды елемегендей артына жай бір бұрылып қарады да қоя салды. Қабыланның шыдамдылығына бәріміз сүйсіндік, ал бұл жөнінде естігендер илана қоймады, иланғандары болса, жағаларын ұстап таңғалысты. Осыдан бастап Қабылан табалдырықтан бері аттап үйге кірмейтін болды. Әйтсе де, өз иесінің өзіне мүлде түсініксіз жат қылық көрсеткені оны бірнеше күн бойы таңдандырып жүрді, бірақ ренжіткен жоқ, оның бәрімізге деген, тіпті жұмбақ қаталдық көрсеткен әкеме деген бейкүнә сезімі мен сүйіспеншілігі ешқандай өзгеріссіз сол күйінде қалды. Бірақ, оның кейбір тентек қылықтары бірте-бірте суалып, қозы-лақпен, домаланған резеңке доппен, жел қуған қағазбен ойнауы да тыйылды. Алғашқы кезде ол мысыққа барынша қызығатын. Үйдегі сары мысықты көре қалса, алдыңғы екі аяғын өнер көрсетіп жүрген цирк аты секілді ойқастата бастап, қорбаң-қорбаң жетіп баратын. Егер осы кезде Қабыланның барлық қимылы мен пішініне қадағалай қарасаңыз, оның жүзінен мысыққа деген қызығушылықты, оны әлдеқалай бала көрген сезіммен ерекше бір күлкіні көруге болар еді. Иә, Қабылан күле білетін. Егер мен үйде екі-үш күн болмай, кенет оралсам алдымнан арсалақтап шығып келе жатқан оның жанарынан қуанышты күлкіні анық көретін едім. Кейде ол екі құлағын салбыратып ойға шомады. Сол сәтте «Қабыланым» дей қалсам, елең етіп өзіме күле қарайтын. Ал қазір көп нәрсеге қызықпайтын секілді. Алдыңғы екі аяғын иегіне қойып, төңірекке жайбарақат қарап жатады. Егер алдынан домалап доп өтсе, я болмаса секеңдеп лақ шықса, я болмаса мысық жүгірсе ойлы көздерін