КЕМПІРЛЕР

еске алады. Сол сәтте жүрегіне белгісіз бір қызғаныш сезімі ұялағандай, «бізге неге ешкім келмейді? Қашанғы бір үйдің қонағы боламыз, неге қонақ қабылдап, көңіл жадыратпаймыз. Ағайын деген қайда, өзгелердікі сияқты неге араласып жатпайды шіркіндер. Әлде, әбіржітпейік деп аяй ма екен? — деп өз-өзінен таңданады. — Әлде, пейілім тарылып бара ма? Құдай сақтасын, мына немеремнің бір күнгі қуанышынан садаға бәрі де!» Көзі ілініп кеткен екен. Әлдекімнің терезені асығыс тақылдатқанынан оянды. — Бұ қайсың? — Әй, Қалампыр, сүйінші, сүйінші! — деді сырттағы дауыс. Оның бағанағы Қатира екенін бірден таныды. — Сүйіншің қойныңда? Не болды? — Жайбасардың әйелі ұл туды! — Ой, айналайын-ай,ә! Аман-есен босанған екен ғой. Ойбай-ау, кірсеңші үйге, нағып тұрсың, есік ілінбеген. — Жоқ, мен кетейін. Енесі сырқат қой, тез бармасам болмас. Кіндігін кесіп бола салып, сені қуантқалы осылай қарай жүгірдім. Ал, тез киініп келерсің. Сүйіншіңді ұмытпа-ай, кемпір. Кейін, ана Тұрлыбегің үйленгенде көрімдік етіп қайтарамын. Қалампырдың жүрегі лүп ете қалды. «Құдай тілеуінді бергір Қатира, — деді ішінен асығыс киініп жатып. — Ақ тілеуіңді періште әумин десін. Бала-шағаңның игілігін көргірдің ниеті қандай түзу еді!» Ол немересін ұйқылы-ояу көтеріп алды да, есігін де жаппастан сүріне-қабына ауыл ортасындағы келіні босанған үйге қарай асығыс жүріп кетті. Жайбасар — осы ауылдағы трәктірші жігіт. Үйленгеніне он төрт жыл болса да келіншегі құрсақ көтермеген. Енесінің келінін апармаған тәуібі, түнетпеген мазары жоқ. Арыстанбап пен Түркістанға талай барып, талай келді. Қаратпаған білгір дәрігер де қалмады. Алладан да, адамнан да үміт үзіп отырған шақта келіні жерік болды. Содан бастап шағын ауылдың аузында Жайбасардың әйелі. «Құдай тілеуін беріп, өшкен үмітін қайта жаққан екен бейшараның. Бір атадан қалған жалғыз тұяқ еді, көп әулие-әнбиелердің бір шапағаты тиген ғой» деп әркім әрқалай қуаныш білдіруде. Қалампыр Жайбасардың үйіне келгенде жиналған жұрт нәрестеге ит көйлек кигізіп те қойыпты. Ол немересін оңаша үйге жатқызып кеп, шаршыға түйген бір уыс күміс ақшасын абыр-сабыр боп жатқан жұрттың үстіне шашып жіберді де: — Әй, Қатира, сүйіншің мынау болсын. Аяқ астында бұдан өзгенің реті келмеді, — деп оның басына шәлі орамал жауып, қолына сусылдаған тігулі жібек көйлек ұстатты. — Озды, озды мына Қалампыр бәріңнен! — деп Қатира кемпір өз келіні босанғандай көңілдене, саңқылдай сөйлеп жүр. Қалампыр төсек тартып жатқан Сырғакүлдің қасына келді. — Келінің босанып, немерелі болғанда бұл жатысың қай жатыс, — деді құрдасын көңілдендірмек боп. — Мейлі, не болса да немереңді көрдің. Құтты болсын! Бәсіресіне көгендегі саулығымды атадым. — Алланың рақымы жауған саған, Қалампыр! Құдайдың көрсеткеніне құлдық. Енді өлсем де арманым жоқ. — Биік жастықта шалқалап жатқан Сырғакүлдің көзінен аққан ыстық жас

Pages: 1 2 3 4 5 6