КЕМПІРЛЕР

жастығын жуып кетті. Үй толы кемпір. У-шу, абыр-сабыр. Екі-үш күн өткен соң Сырғакүл үйінің қуанышы да саябырсып, кемпірлер өмірі қайтадан қалпына келе бастады. Осы қуаныштан кейін Қалампыр көңіліне қаяу салып кеткен кішкене бір оқиға болды. Олар Сырғакүлдің үйінен келіп, төсек салып жатып қалған еді. Сәлден соң немересі. — Әже, — деді. — Әу, құлыным? — Сырттан неге үрмейді? — Ұйықтап қалған шығар. — Иттер де ұйықтай ма? — Ұйықтайды. — Біз оған тамақ бермедік қой. Қалампырдың ойына күшіктің кешелі бері аш екені түсті. — Әлдә байғұс-ай, ә. Ауыз тамдағы тостақта сүт тұр еді, құйып келе ғойшы. Тұрлыбек далаға шығып, күшігін дауыстап шақырды. Жоқ. — Сырттан, Сырттан, мә-мә! Күшіктің сыбысы білінбейді. Шынымен ұйықтап жатқан шығар деп ұясын көрді, мал қораны қарады. Ізім-қайым. Ол там айналып, үйге қайта кіргелі бұрыла бергенде қара көлеңке бұрышта күшігінің серейіп өліп жатқанын көрді де «әже!» деп айғайлап жіберді. Әжесі далаға атып шығып, немересін көтеріп алды да: — Не боп қалды! Далаға жалғыз шықпа дедім ғой саған! — деп оның таңдайын басты. — Әже… Сырттан… өліп қапты. — Әу, шыбыным. — Енді… енді ешқайда кетпейікші, а? — Мақұл, күнім, мақұл. — Әже, — деді сәлден соң тағы да. — Не жарығым? — Біздің үйге нағып ешкім келмейді? — Ұйықтай ғой қарағым, ұйықтай ғой. Кейін бәрі де келеді. Қалампыр таң аппақ атқанша көз ілмеді. Осы бір түннен бастап Қалампыр әжейдің көңілі шындап қамықты. Бірақ, немересіне сынық жүзін көрсетпей, бұрынғысынша оны еркелетіп, ақ жарқын көңіл танытуға тырысып бақты. Қанша айтқанмен кең пейіл, келмесең өкпелей қалатын қонақжай ауыл адамдары емес пе, немересін алдап-сулап, кемпірлермен бұрынғысынша әңгіме-дүкен құрды, Зеркүлдің Түркістаннан есік ашып келген қызының қоржынының аузын сөгуге қатысты. У-шудың арасында жүріп, осындай қуаныш өз шаңырағының астында болуын армандады, бірақ артынып-тартынып келе қоятын ет жақын туыстарының жоқ екені есіне түскенде байқатпай бір күрсініп алатын. Олар қандай болса да әйтеуір бір қонақтың келуін тіледі. Ақыры бұл тілегі де орындалды-ау! Бір күні кешкілік есік алдындағы жаңа асыраған сары күшік шәуілдеп қоя берді. «Бұл кім болды екен?» деп елең ете түскен Қалампыр орнынан тұра бергенде: «Кеш жарық!» деп бір еркек пен бір әйел кіріп келді. Тани кетті. Бұдан он жыл бұрын қайтыс болған нағашы апасының қызының қызы екен. — Жасаған-ау, Дәметкенбісің! Сені де көретін күн болады екен ғой шырағым-ау! — деп Қалампыр оны құшақтай алды. — Қойыңыз әже, жылағаныңыз қалай бұл! — Қайтейін… қайтейін енді қарағым, — деді ол кемсендеп. — Ат іздеріңді салмай кеткендерің не? Тым-тырыссыңдар бәрің. Өзім барып келе қояйын десем, әуселем мынау,

Pages: 1 2 3 4 5 6