КЕМПІРЛЕР

ошақтың үш бұты алты айшылық жол. Ой, қарақ канәм, келші, бетіңнен тағы сүйейінші. Аумаған шешесі бопты да қапты. Ойбай-ау, күйеу баламен амандаспаппын ғой, е-е, бұл кәрі адамдарды қойсаңшы. Аманбысың қалқам-ау? — Шүкір шеше, аманшылық. — Қане, шешініңдер, төрлетіңдер. Үй де айра-жайра. Мына Тұрлыбек келіншек әкелгенде болмаса, бұл үйдің шашылғаны шашылған. Ол төрге ұзынша көрпе салып, екі жастық тастады. — Иә, ауыл-аймақ, мал-жан аман ба? — Аманшылық. Көз көргендердің бәрі сізге сәлем айтып жатыр. — Сәләмат болсын. Ата-енең қуатты ма? — Бір күн ауру, бір күн сау, жүріп жатыр ғой әйтеуір. — Е-е, кәрі адам онсыз бола ма? Ай, Тұрлыбек, состиып сен неге тұрсың-ай, — деді Қалампыр немересіне қарап. — Айтып қоймайтын Сайрамдағы әпкең келді ғой сенің. Кел, амандас былай. — Ойбай-ау, мынау Тұрлыбек пе? — деді Дәметкен. — Мен басқа бала шығар деп тұрсам… түу-у, қандай дәу жігіт боп кеткен өзі! Кел, келе ғой маған. Ой айналайын жігіт болғанынан. Дәметкен қолынан тартып, Тұрлыбекті алдына отырғызып, бетінен сүйді. — Ойбай-ау, мен неғып отырмын. Тұрлыбекжан-ай, Сырғакүл мен Қатираға барып келші. Сайрамнан сіңлісі келді де, бәрін ертіп келсін. Мен ас қамына кірісейін. — Әбіржіп қайтесіз әже, тамақты өзіміз-ақ жасап ішеміз ғой. — Жоқ ойбай. Сендерге тамақ істетіп… Қазір, қазір. –Қалампыр сыртқа шығып көрші үйге айғайлады. — Ай, Ербосын, үйдемісің? Далаға әйелі шықты. — Келін, Ербосын үйде ме? — Суға кеткен. – Неғыл дейді! Сен не бітіріп жүрсің? — Тамақ пісіріп жатырмын. — Тамағыңды қоя тұр. Біздікінен іше саларсыңдар. Ербосын келсе бізге кеп ана қойды сойып берсінші. Сайрамдағы сіңлім келді, сіңлім!.. — Мақұл ене. Дәметкен мен күйеуі мал сойдырмаймыз деп қанша қарсыласқанмен ештеңе өнбеді. — Қой айналайын, олай демеңдер. Сендерден мен немді аяйын. Мал басқа бітеді. Тұрлыбекжан аман болсын. Көгенде жалғыз шыбыш қалды. — Бас-аяғы бір сағаттың ішінде мал сойылып, кемпір-кешек жиналып та қалды. Көрші келіндер далаға лапылдата от жағып, иісін бұрқырата бас-сирақ үйітіп жатыр. Қалампыр кемпірде сабыр жоқ. — Бұл ауылдың келіндері қайда түге, — деп өктем сөйлеп жүр. — Бір ұрттам су қалмапты ғой, ішек-қарынды немен жумақ бұлар! Ай, Қатира, қайда әлгі бес келінің, біреуін суға жіберсеңші! — Өлігің әдірә қалғыр әлгінде «қазір барамын ене» деп қалып еді ғой, күйбіңдеп шыға алмай жүрген шығар. Шелегің қайда, мен-ақ әкеле салайын, солардан өзіміз жылдамбыз осы. Қалампыр әлі сөйлеп жүр. — Сырғакүл әлі келмеген бе? — деп дауыстап қояды. — Оған енді күйме жібереміз бе? Үйіне кісі келсе жетіп барамыз ғой осы. Әй, барып шақырып келе қойыңдаршы, — деп ойнап жүрген үш-терт балаға қарады. —

Pages: 1 2 3 4 5 6