ЕСКІ ҮЙДЕГІ ЖАҢА ҚОНЫС

шығып, бастығымен жымыңдай амандасты. — Өшір! — деді Есіркеп. —Нені? — Моторды. Көріп алайын сенен келгенді. Бол тез! Цилиндр қатып қалды ма? — Бұзылды де. Бітті! — Құп болады. Машинада тұрған жігіттер айғайлады. — Есаға, кеттік! Жұматтың өзі өшіріп келер. Есіркеп кабинаға отырып, есікті сарт жапты. Қырман басының үйінде той болып жатқаны рас еді. Төрт жігіт Есіркепті есігінің алдына түсіріп, жалынса да қарамай кетіп қалған. Ал шындығында олар тойға асығып бара жатқан еді. Әйелі Кәмәсия да бала-шағасы мен сонда болатын. Қолжуғыштың ішінен кілтті алып, ішке кірді. «Төркінінен әлі келмеген екен, — деді ішінен. — Мен болсам ғой бүгін тойға барып, мәре-сәре боп жүрер еді. Көзім тайып кетіп еді…» Жым-жырт үйде кенет ол әйелі бала-шағасына жаны ашып, көңілі босап кетті. Төрге барып жатты да, сыртқа құлақ түрді. Басының ішінде ескі вагон ары-бері қаңғып жүрген секілді зырқ-зырқ, сарт-сұрт, шиқ-шиқ, өзге дыбысты естір емес. Сөйтіп жатып ұйықтап кетіпті. Дабыр-дұбырдан көзін ашып алды. Таныс дауыстар секілді. Әйелінің дауысы ғой! — Папаларың келген бе-ей! Папаларың келіпті ғой! –деген әйелінің дауысынан ол біржола сергіді. — Тү-у, сендер де бүгін ғана жеттіңдер ме! Өй, қошақандарым! — деп ол орнынан тұрып, бала-шағасына қарай қозғалды. Қараңғыда жобалап жүріп екі баласын құшақтап, беттерінен сүйді. — Қараңғыда неғып жатсың. Шам жақсаңшы! — деді әйелі. — Оның жайын саған кейін айтам… Бүгін свет болмайды… — деді ол әйеліне. — Май шам қоя сал. — Оның жайын кейін айтамың не? Шамға не бопты? Қане? Әйелі өшіргішті шырт еткізгенде жоғарыдағы люстра көз шағылтып жарқ ете қалды. «Өй, ит! Өй иттің баласы! Әлі өшірмеген бе?» деп Есіркеп табан асты бүлініп, апыл-ғұпыл бәтеңкесін кие бастады. «Қайда… байғұс-ай?» — деді әйелі үрейленіп. Есіркеп жауап беруге мұршасы келмей сыртқа атып шықты. Ауыл үстіндегі жарық күндізгідей самсап тұр екен. Дизельдің дүрілдеген дыбысы да естілмейді. Есіркептің ойына әлдене түсіп, сол орнында қалшиып тұрып қалды. — Ана төртеуінің сылқ-сылқ күлкісі жаман еді, солар бірдеңе бүлдірген жоқ па? — деді соңынан ілесе шыққан Кәмәсия. — Қай төртеуі?! Әйелі төртеуінің атын атады. Есіркеп жансыз адамдай сол орнында ұзақ тұрды. Сонан соң ағаш бұтайтын дөңкеге отыра кетті де, білегіне маңдайын қойып… жылап жіберді. Әйелінің зәресі қалмады. Таң атпай Есіркеп бөлімше меңгерушісінің үйіне жетіп келді. Тойболды әлі ұйықтап жатыр екен, көзін ашқанда сонау Қара теңізге кеткен Есіркепті көріп, әрі кісі өлтіретіндей түтіккен жүзінен тіксініп жастықтан басын жұлып алды. — Оу… Ес… Не болды? — деді тұтығып. — Екі тележка керек! — деді Есіркеп ентігіп. — О-оны қайтесің! Т-ты-тыныштық па? — Тыныштық. Кешке қайтып әкеп берем.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11