ЕСЕПШОТ, ТҮЙЕТАУЫҚ ЖӘНЕ ДОМИНО

Пістекүл өзін ауылдағы ең ажарлы, өжет, екі сөйлеу дегенді білмейтін және көзі ашықтығы жағынан өзгелерге қарағанда оқ бойы озық әйелмін деп санаушы еді. Өзі туралы мұндай берік байлам оның кеудесіне нан пісіріп, көшеге шыға қалса былайғы жұртты көзге ілмей, бойын тәкаппар ұстауға тырысатын-ды. Дәл осы мінезінің арқасында ол ауылдағы құрбы-құрдастарымен ғана емес, совхоздың бухгалтері, «туған» күйеуі Сопытаймен де жиі-жиі жүз шайқасып қала беретін. Сопытай болса бәз-баяғы мінезінен мысқал да ауытқымай, әйелінің ашу үстінде күйіп-піскеніне көңіл де аудармайды. Оның бұл немкетті күйін көргенде Пістекүл өз ашуына өзі тығылып, тұншығып өліп қала жаздайды. Міне, совхоздың экономикалық болашағы мен жылдық табыстары «балапан ашатын» Сопытайдың аядай бөлмесіне жаңа ғана ашу-ызамен кірген Пістекүл күйеуінің немқұрайды мінезіне тағы маңдай соғып, есеп-қисап кітаптарының ортасындағы шұңғыл креслоға сылқ түсіп отыра кетті. Сопытай кезекті айлық қорытындымен басы қатып, өзімен өзі бөлек автономия боп отырған. «Бір мың сегіз жүз сексен бес, — деді ол күбірлеп. — Та-ак… Жеті мың сегіз жүз алпыс төрт. Он жеті мың үш жүз қырық алты. Міне, міне! Бұл жолы дұрыс шығатын түрі бар». Пістекүл бұдан әрі төзе алмай бұрқ ете түсті. –О, құдай-ай! Осының есепшотының үні өшетін күн бар ма екен! Тық-тық, тық-тық! Миды тесіп бітті әбден! — А? Бірдеңе дедің бе? — деді күйеуі есепшоттан назарын аудармай. — Дедім. Демегенде қайтпекпін! — Не боп қалды? — Не болушы еді! Болды, болатын іс! — Не, біреулермен тағы ұрысып қалдың ба? — Ұрысқан мен емес өздері. Осының бәріне сен кінәлісің, сен! Сенен жан баласы аяғын тартпайды, бәрі басынып алған. Егер сенен жасқанатын болса, өстіп көрінгеннен сөз естіп жүрер ме ем?! — Иә, олар саған нағыл деді? — «Нағыл деді» деме, неғыл демеді де. Совхоз деректірінің, тіпті, анау управлайштің әйелінің бетіне қарап осы маңда бір адамның сөйлегенін көрдің бе? Жоқ! Ал маған, білдей бұғалдырдың әйеліне… айтпағандары қалмады. — Пістекүл сөзін әрең бітіріп, екі алақанымен бетін басты. Сопытай иығы селкілдеп, кәдімгідей жылап отырған әйеліне бір көз тастады да: — Несі бар. Сен де айт, — деді шотты тық еткізіп. — Енді айтпаймын, саған қырсыққанда ауыз ашсам нағыл деген екенсің, — деді ол үзік-үзік сөйлеп. — Саған әйеліңнің намысы соқыр тиын. Сен менің намысымның аяққа тапталып жатқанына пысқырмайсың да. — Неге? Пысқырамын. Пістекүл қолын түсіріп, күйеуінен әлдеқалай бір үміт күткендей оған қадала қарады. — Онда… неге ара түспейсің? — Есі жоқ, енді мені әйелдермен ұрыстырайын деп пе едің. — Ұрыспа, — деді Пістекүл ақыл айта сөйлеп. — Оларға алыста жүріп-ақ қаһарыңды төге біл. Төмен қарап, табан жолыңа үңілгенді қой.

Pages: 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11 12